Ел егемендігін еншілеп, етек-жеңімізді жиған тұста, жеке-дара мемлекет екендігімізді айшықтау үшін алдымен мемлекеттік рәміздерімізді бекіту миссиясы тұрды. Тәуелсіздіңті тақымға баса сала бұл іс бір жүйеге келтіріліп, арнайы байқау жарияланғанын білеміз. Сөйтіп 1992 жылдың басында Жоғары Кеңес президумының жаңа мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысы қабылданды.Араға жыл салып тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтары төл рәміздерімізді бекітіп, дүйім жұрттың нәресте секілді қуанғаны мәлім. Егемендігіміздің нышаны Елтаңбамыз, әлеуеттілігіміздің сипаты Гимніміз, табандылығымыздың тұрпаты көк Туымыз тұғырына көтерілді.

ҚР Мемлекеттік Рәміздері елдің біртұтастығы мен оның мәртебесін айшықтайын белгілер екендігі мәлім. Ал осындай ұлттық құндылықтарға құрметпен қарап, оны пайдалану, қолдану, насихаттау, тіпті жою ісінде де арнайы бекітілген заң талаптарын қолдану керектігі айқын.
Осы ретте 4 маусым – ҚР Мемлекеттік Рәміздері күніне орай Д.Қонаев атындағы орталық алаңда келелі жиын өтті.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Егемен еліміздің еңсесін тіктеп тұрған Мемлекеттік рәміздеріміз тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі екендігі хақ. Сондықтан дербес халқымыздың рухани құндылықтарына мемлекетіміздің ерекше сезіммен, құрметпен қарауы басты талап. Айбыны асқан, абыройы тасқан рәміздеріміз күллі Қазақстанның әлем нарығындағы айшықты белгісі»,- дей келе, жиналғанарды мерекемен құттықтады.

ҚР ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, ауданның Құрметті азаматы Б.Құсбеков пен 2484 әскери бөлімінің жауынгері Б.Разақ төл құндылықтарымыздың мәні мен маңызын атап өтті.
Артынша жастар мен кішкентай бүлдіршіндердің велошеруі ұйымдастырылып, Мемлекеттік рәміздеріміз орталық алаңға шығарылды.
Сондай-ақ З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің концерттік бағдарламасы назарға ұсынылды.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.