Ең жас саяси ұйым

Алдағы қаңтар айының 10 күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауына «ADAL» партиясының атынан қатысатын Ләззат Шыңғысбаева «Талдықорған жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен және жас еріктілермен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

«Қазақтелеком» АҚ-ның ғимаратындағы бизнес-орталықтың мәжіліс залында өткен кездесуде сөз алған үміткер «ADAL» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталды. «Депутаттыққа кандидат ретінде еліміздің 5 партиясы өз үміткерлерін ұсынып отыр. Солардың бірі – «ADAL» партиясы ең жас саяси ұйым есептеледі. Партия мүшелерінің орташа жасы 40-қа тең. Ең қызығы, біздің партия – сандық технологияны меңгерген партия саналады. Еліміз бойынша «ADAL» партиясы 16 адамды кандидат ретінде ұсынып отыр. Олардың әрқайсысы өз еңбегімен және қоғамдық қайраткерлігімен ерекше көзге түскен тұлғалар. Оның үстіне, бәрі де елімізге белгілі әрі әйгілі жандар. Солардың үш-төртеуі Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланса біздің партия ұсынған басым бағыттардың атқарылуына септігін тигізеді деп сенеміз. Сол арқылы қазақстандықтардың өмірін жақсартуға ықпал етеміз», – деді ол. Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, «ADAL» партиясының сайлауалды бағдарламасы 5 басым бағыттан құралған. Атап айтсақ, барлық азаматтардың лайықты өмір сүруі, кәсіпкерлік – табысты мемлекеттің негізі, азық-түлік қауіпсіздігі, аймақтардың қуаттылығы – мемлекеттің қуаттылығы, адамдарға арналған мемлекет сынды бағыттар қамтылған.

«ADAL» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Мәліметпен бөлісу: