Егемендік еншісі: екінші он жылдықтағы елеулі жаңалықтар

Керей мен Жәнібек бастаған қазақ руханияты ұлт болып ұйысқалы бері небір зобалаңдарды бастан өткерді. Кейбір елдердің түсіне де кірмейтін алмағайып кезеңдерде, жойылуға шақ қалған мезеттерде барлық қиындыққа төтеп бере білді. Тірліктері бөлек болғанымен тілектері ортақ елдің арманы да бір арнада тоғысты. Ол – әлем мойындаған жеке мемлекет ретінде қалыптасу.

Міне, сол арманның орындалғанына, жүрегімізде күй күмбірлеп, көңілімізді қуаныш кернегеніне 30 жыл толды. Бабалар аманатына жан бітіп, балалары егемен елдің ұрпақтары атанды. Тарих қойнауында қалған мыңжылдақтан мәңгілікке қадам бастық. Мұқым қазақстандықтар үшін тәуелсіздік бесігінде тербелген 30 жылдың әр секунды да қымбат, қадірлі.

Алайда бұл белестердің биігін бағындыру бізге оңай соқпады. Тоқсаныншы тоқырау жылдарындағы толқулар, жаппай жұмыссыздық, жалақының уақытылы берілмеуі, азық-түлік тапшылығы, күн көріске қажетті дүниелердің жетіспеушілігі, ақшаның құнсыздануы, дағдарыстың белең алуы барлығымыздың бақайымыздан қаққаны тағы бар. Тәуелсіздікті алуымыздан оны қолымызда берік ұстап тұру қиынырақ тиді. Бірақ қазақ елі тастүйін ымырашылдығының арқасында сол заматтың солқылдақ өткелдеріне шыдас беріп, бүгінгі дәрежесіне жетті. Жұдырықтай жұмылған жұртқа алынбас қамал жоқтығын бек түсіндік. Дербес Қазақстан өзінің тәуелсіз тарихында талай жетістіктерге жетіп, мүмкін емес дейтіндей биік шыңдардан көріне білді. Ел ордасын ауыстырып, Сарыарқаның төріне сәнді-салтанаты, сәулеті келіскен алып мегаполис салуы, жойқын қуатқа ие атом бомбасынан бас тартуы, экономикалық нарықты бағындыруы, қуатты зауыт-фабрикалардың бой көтеруіне түрткі болуы, өндіруші саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы, әскерін нығайтып, шекара сызығын, төл теңгесін, рәміздерін, Конституциясын бекітуі, түрлі әлемдік ұйымдарға басшылық етуі оның биік потенциалын дәлелдеп отыр.

Тарих үшін қас қағым сәт саналғанымен, біз үшін талай мүмкіндіктерге жол ашып, қарқынды даму даңғылына түсірген осы уақыт аралығында елімізді әлем таныды һәм мойындады. Енді міне, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күннің куәгері болып, берекелі де мерекелі тірлік кешудеміз. Бабалар арманы ақиқатқа айналып, азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен тереземіз теңелді. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық дүние.

Бүгінгі татулық пен тастүйін ымырашылдықтың арқасында тұғыры теңселмей тұрған Тәуелсіздігімізді бекем ұстап, әлемдік сахнада да өзіміздің атақ-абыройымызды дәлелдей түстік. Егемендікті еншілегеннен кейінгі алғашқы он жылдықта мемлекет ретінде қалыптасудың іргетасын қалап, тынысымызды кеңінен ала бастадық. Тоқсаныншы тоқырау жылдарындағы дағдарысты еңсеріп, қос ғасыр шиеленісінде экономикалық тұрғыда өрістеу, халықтың әлеуметтік ахуалын көтеру, инфрақұрылымдық мәселелерді ретке келтіру, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік пен өндіріс салаларын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақстан әлем кеңістігінде кеңінен қанат жайып, биікке қалықтай түскені анық.

Жаңа ғасырдың алғы шебінде ең алдымен «Жер туралы» Заңның қабылдануын екшеп айтуға толықтай негіз бар. Бұрынғыдан бүгінгіге сыр тартар болсақ, ата-бабаларымыз жердің тіршілк үшін қадыр-қасиетін, мән-маңызын барынша ұғынып, қарыс адымын да көздің қарашығындай сақтау үшін барларын салды. Ұлтымыздың бүкіл әлеуметтік, рухани өмірі халыққа, Отанға адал қызмет етіп, туған жерді қорғаумен тікелей байланысып жатыр. Дана жұртымыз «Туған жердей жер болмас», «Туағн жердің ауасы да – шипа», «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердің жуасы да тәтті», «Әркімнің өз жері – өзіне жұмақ» деп тәпсірлеген. Әдебиетке үңіліп, әр батырлар жырын алсақ та басты сарыны туған жер мен елді қорғау болған. Демек, еліміздің басты байлығы да осы – жері. Жұртымыз кәрі құрлықтың қақ ортасында төрт түлік төлін өрбітіп, әлемде теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін қалыптастырды. Әлемде жердің қасиетін қазақтай біліп, табиғатпен тірлігін үндестірген ұлт кемде-кем.

Шынымен де, бабаларымыз осынау апайтөс атырапты бізге мұра қылып қалдыру үшін қылышымен сауыт сөгіп, намысын найза ұшына ілген алмағайып замандарды бастан өткерді. Өзіміз ол кезеңнің куәгері болмасақ та тарих беттерінде қанды ізі қалған талай оқиғалар жайлы мағлұмат алып, жан-жүрегің бір сілкініп қалады. Осынау ордалы даланың әр адымында бабалардың қаны, аналардың көз жасы жатқаны рас-ақ. Осы ретте жер мәселесінің мінберге көтерілуі жаңа ғасырда тың өзгерістерге жол ашты.

2000 жылы ұлттық қорғаныс, шекара шебіндегі қауіпсіздік, терроризм мен экстремизге жол бермеу мақсатында Елбасы Жарлығымен республиканың «Әскери доктринасы» бекітілді. Қарулы күрес құралдары және сол заманғы әскери қақтығыстардың сипаты сапалы өзгерістерге ұшырауына байланысы аталған доктринаны қабылдаудың қажеттілігі арта түсті. Демократиялық және құқықтық мемлекет құрылысының кезекті кезеңінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде әскери бағытта да тың өзгерістер орын алды.

Жаңа ғасырдың алғашқы жылындағы олжалы жетістігіміз Семей полигонындағы яндролық сынақтарға арналған соңғы ойпаңның жойылуы. Талай жылдар еншісінде Абай мен Мұхтардың құтты мекені Кеңес одағы тарапынан жойқын қаруды сынау алаңы ретінде қолданылып, Қазақстан даласындағы сансыз дүмпуілдердің салдарынан бүтіндей бір аймақ экологиялық апат өңіріне айналды. Табиғат, қоршаған орта, тіпті адам баласына да орасан зор кесірін тигізген дүниеден толықтай құтылу арқылы біз әлем бойынша ядролық қаруға қарсылық акциясын бастап та кеттік.

2001 жыл республикамызда «Автомобиль жолдары» жылы болып жарияланды. Трансевразиялық магистраль «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бастау алды. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» деген мақалдың мәні мен мақсаты өзге бағытта айтылғанымен, бүгінгінің басты проблемасы саналар «жол мәселесінің» ахуалына дәлме дәл келетіндей. Себебі ауыл мен қаланы, шаһар мен даланы, елмен елді, жер мен жерді жалғап жатқан жолдың сапасы күн тәртібінен түсер тақырып емес. Алысты жақын, жақынды алыс қылу күре жолдың күтімі мен жағдайына байланысты екендігін рас.Жол салу өте жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін машақат. Ең алдымен оның сапасы назарға ілініп, халықтың алғысына яки қарғысына ұрынып жатады. Бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ете отырып, әділ әрі адал еңбек ететін мердігерлер үнемі елдің ыстық ықыласына бөленіп жүретіндігі мәлім. Осы ретте жол сапасына мән бере отырып, республика бойынша ретке келтіру жұмыстары басталғаны бұқараның оң ниетін иеленген еді.

Араға жыл салып Елорда төрінде еліміздің символына айналған «Бәйтерек» монументі салынды. «Тәуелсіздіктің тұғырын мызғымастай берік етіп нығайта отырып, Мәңгілік ел болуды мақсат еттік»,- деген еді бір сөзінде Елбасы. Сарыарқаның төрінде салтанат құрған алып шаһарды, арғысын айтқанда Қазақстанды әлемде тануы үшін айшықты дүние қажет болғаны рас. Бұл ретте Самұрық құсының ұясы іспеттес сәулеттендіріліп, биіктігі 97 метрге жеткен нысан барша қазақстандықтар үшін көрнекті орын, егемендікті атрибуты секілді.

Мемлекетіміздің зайырлылық қағидаттарын бекем ұстағандықтан, дінге, тілге, ділге, түрге қарап бөлінулер деген бізде мүлдем болмаған. Әсіресе, ұлтаралық келісім мен конфессиаралық сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында мол жұмыстар атқарылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз ықпалын күшейтіп, еліміздегі түрлі этностар арасындағы достық пен түсіністіктің маңызы арта берді. Бұл үдеріске жаңаша дем берген құбылыс 2003 жылы астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезінің өтуі еді. Әркімнің сенімі мен діни түсінігіне құрық салмай, заң жүзінде рұқсат етілген діни көзқарастарға толықтай бостандық беру арқылы демократиялық және зайырлылық көзқарасымызды іс жүзінде дәлелдедік. Барша конфессия өкілдері бұл бастамаға ерекше ниет білдіріп, сенімі басқа болғанымен тірлігі ортақ халықтарды бірлік туы астына жинай білдік.

2005 жыл екі жағымыздан қоршаған қос алып мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатуымызбен есте қалды. Осы жылы «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры тартылып, аспан асты елімен ынтымақтастықты арттыра түстік. Қара алтынның үстінде отырған елімізге бұл бағыттағы сауда-саттық мәселесін реттеу, әсіресе мұнай өнімдерін мол көлемде қажет ететін Қытаймен экономикалық сабақтастықты үйлестіру қарқынды дамуымыздың негізі болды. Сонымен қатар, «Қазақстан – Ресей» шекарасы туралы Заң бекітіліп, екі ел арасындағы даулы мәселелерге нүкте қоюға жол ашты.

Алдағы жылдар да Қазақстанға оң қабақ танытқандай. Кәрі құрлықта жаңадан шаңырағын тіктеген елдің егемендік алғанына көп уақыт болмаса да өзінің сарабдал саясатының арқасында талай мемлекеттер арасында беделі арта берді. Алыс-жақын шетелдер біздің бірегей бастамаларымызды үлгі тұтып, тәжірибе алмасуға да ұмтыла беруі Елбасы ұстанымы мен бұқараның бірлік құмар берекелі тірлігінің арқасы деуге негіз бар.

Екінші он жылдықтың аяқталар тұсында сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын қатаңдата бастадық. Ел аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау, күрес жұмыстарын күшейту күн тәртібіндегі алғашқы тақырып болды. Себебі әлеумет мүддесін көздеген әр салаға жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінеді де, жеме-жемге келгенде кей бөлігінің қайда кеткені белгісіз болып қалады. Бұл ең алдымен мемлекеттік тұтастық пен қауіпсіздікке төнген қатер және балалардың болашағын ұрлау деп білген едік. Мемлекеттің жаһандық бәсекелестікте ауқымды қадамдар жасауға кедергі болып, елдің беделі мен қауіпсіздігіне көлеңке түсіретін құбылыстың жолын кесу дамудың дара даңғылына түсудің мүмкіндігі еді. Ең айта кететіні, бұл індет билік пен бұқара арасына іріткі салып, заң мен елдегі әділеттілікке деген сенімін сетінететіні жасырын емес.

Осылайша тағы да бір он жылдықты артқа қалдырып, бір ананың перзенті, бір атаның баласындай бірлік туы астында бірегей тірлік кешіп, жаһандық бәсекелестікке ұмтыла түстік. Қуатты кәсіпорындар, алып инвестициялар, ауқымды жобалар жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайы оңалды, мелекетіміздің атақ-абыройы да шыңға қарай ұмтылды.

«Өсер елдің арманы көп, өшер елдің жанжалы көп»,- демей ме?! Ұлы дала елінің тірегі мықты тегеурінді 30 мемлекеттің қатарына қосылу бүгін арман, ертең айқын дүние болсын. Бірлігіміз бұзылмасын, тыныштығымызға көлеңке түспесін. Тарих үшін қысқа ғана сәт саналатын небәрі 30 жылдың ішінде ғасырлық дүниелерге дем бітірген еліміздің болашаққа деген беталысы күннен-күнге арта түссін. Елмен бірге жасайық, елмен бірге аспандайық!

#Qazaqstan30

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: