2 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауымен баяндама жасады. Мемлекеттік деңгейдегі мәселелердің басын шалған мемлекет басшысы, ойда жүрген көптеген түйткілді тақырыптарды аша түскендей болды. Әрине, оның ішінде банктік жүйе, салық және бюджет қаражаты туралы да айтып өтті. Бүгінде Қазақстан банктері әлем бойынша ең көп пайдаға кенелетін банктер екенін халықаралық сарапшылардың пайымын да ортаға тастап, олардың салық төлеуіне байланысты өзгерту енгізу керек екенін айтты. Бұл қазірдің өзінде ел ойында жүрген нәрсе екені анық. Себебі халықты қанау, үлкен пайызбен несие елдің әл-ауқатын нашарлатып, мемлекетке де кірісіне байланысты салық та төлемейді. Ал салық – Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартатын қаржы.
Сондай-ақ мемлекет басшысының бюджет қаражатына байланысты айтқан сыны да орынды, онымен жүз пайыз келісуге болады.
«Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев, жылтыраққа жүгірмей, нақ іске көшу керек екенін білдірсе керек.
«Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет», – деді Мемлекет басшысы. Бұл жергілікті басқарушы органдарға айтылған орынды сын. Себебі ең алдымен мемлекеттің, оның ішінде, Конституцияда айтылғандай, ең басты байлық – адамдардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасау күн тәртібінен түспеу керек. Себебі жергілікті әкімдіктер Президенттің аймақтағы бейнесі. Көрпемізге қарап көсіліп, әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта елдің қамын ойлау – ең басты міндет болып қала бермек. Бюджет – халықтың ақшасы, оны солардың және ортақ Отанымыз Қазақстанның игілігіне жұмсау – әр мемлекеттік қызметкердің парызы һәм борышы!
Алмат САДИЕВ,
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты.