
Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын оқып шықтық. 2024 жылдағы мәнді, мағыналы дүниелер айтылып, 2025 жылға арналған ауқымды жоспарлар легі талқыға түсті. Әсіресе, ел экономикасын нығайту мен егемендікті сақтаудың алғышарттары таразыланды.
Соның ішінде, өзіме жақын келгені жастардың білім деңгейін көтеруге қолғас ету мен қолдау мәселдесі болып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде болашақ игерлерінің дарын-дағдымын дамыту, білім көкжиектерін кеңейту үшін жан-жақты қолдаулар жасалып жатқандығын баса айтты. Соның бірі әрине «Болашақ» бағдарламасы. Әлемнің үздік әрі озық жоғары оқу орындарынан білім алуға мүмкіндік беріп отырған бағдарламаның арқасында қаншама қазақ жастары жаңа белестерді бағындырды.
Президент сонымен қатар: «Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңыз¬ды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау»,- деп атап өтті.
Демек, шетелде білім алуға, қызмет етуге де жол ашық, алайда, жастар өзінің туған елі мен жерін, Отанын ұмытпай, тілі мен ділін, мәдениетін сақтауға тиісті.
Бұдан бөлек те біршама тақырыптар төңірегінде талқылаулар болды. Олардың барлығы да өткеннен сабақ алып, жаңа қадамдарды қарымды етуге үлесін тигізері сөзсіз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
«Алакөл» аудандық газетінің директор-бас редакторы.