27 жыл… Етек-жеңімізді жиып, еңсемізді көтергелі осынша уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым мезет болғанымен, бұл аралықта Қазақстан дағдарыс пен небір аяққа шалуаларға қарымта шабуыл жасап, ерекше қарқынмен дами түскені белгілі. Тәуелсіздікті тақымға басқан сәтте мемлекет қазынасында қалта толтырар қаражат болмағанын ескерсек, Кеңес үкіметінің құрамынан шығып, құрығын лақтырған өзге ТМД мемлекеттерімен салыстырсақ жағдайымыз едәуір жақсы. 20 жылдың ішінде жаңа Астананың іргесін қалап, соқтықпалы кезеңнің өзінде ел тұтастығы сөгілмеді. Дағдарыс дендеп, дүкен сөрелерінде тауар тапшылығы мен жалақының жоқтығы қысса да, егемендік дейтін құндылығын естен шығармаған еліміз ол қиындықтарды да артта қалдырды. Қазір енді, биік мінберлерден сол солқылдық өткелдерге жанарын қадап, болашаққа қарай батыл қадамдар істеуде. Ал мұның барлығын Қазақстан Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында еңсергені мәлім.
Осы орайда Тұңғыш Президент күніне орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде «Елбасы кемеңгер – көші түзу кемел ел» атты салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған өңіріміздің белді, беделді азаматтары, билік тұтқасын ұстаған атқамінерлер, сыйлы, құрметті жерлестеріміз, белсенді жастар көптеп жиналды.
Сандуғаш тілдері бір тынбай елді еліткен жүргізушілер көрермендердің мерекелі көңілінің қылын шертіп, залды ажарландыра түскендері тағы бар.
Шараның шымылдығын түрген аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Егемендікпен есімі егіз аталатын Елбасының еліміз үшін еткен еңбегі ерен. Қай тұсқа қарамасаңыз да Ұлт көшбасшысының қолтаңбасы менмұналап тұратыны жасырын емес. Алпыс қырдың артындағы елеулі деген дүниелерді аңғарып, өзінің көрегендігімен кәрі құрлықта хандығының қазығын қаққан Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Біз бүгін әлем елдерінің оң назары түсіп, түрлі салада әріптестік қарым-қатынас орнатуға құлшынатын мемлекетке айналдық. Болашаққа бағытталған қадамымыз нық, ұмтылысымыз да ерекше. Дәл осындай даңқ пен дақпырттың иеленуіміз ең алдымен елі сүйген, елін сүйген Елбасы Н.Назарбаевтың арқасы екендігі баршамызға аян»,- дей келе, бірнеше азаматтарда марапат ұсынды.
Атап айтсақ, орынбасары А.Аханов, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Бекболатов пен Теректі орта мектебінің директоры Н.Ластоверовтың кеудесіне «Астана қаласына 20 жыл» мерекелік медалін тағып, Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған «Ұлт мақтанышы – Елбасы» ақындар аламаны мен «Елім менің» патриоттық ән байқауының жүлдегерлеріне сыйапатын ұсынды.
Сөз алған ауданның Құрметті азаматы Ұ.Дүйсебаева: «Бүгінгі биіктердің белесін бағындыруымыз Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен текті жұртымыздың береке-бірлікке құмарлығына тікелей байланысты. Олай деуіміздің себебі басшы мен бұқара арасындағы өзара келісім мен түсіністік арқасында мемлекетіміз тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен ырыстың үстемдік құрып отырған кезеңіне де қол жеткізді»,- дей келе, алакөлдіктерді айтулы мерекемен құттықтап кетті.
Жастарың атынан ізгі тілекті жалғаған А.Тынысбекова кейінгі толқын өкілдеріне Мемлекет басшысының ықпалымен көптеген мүмкіндіктер жасалғанын тілге тиек етіп, олар елдің дамуы үшін барларын салатынын жеткізді.
Артынша Сүйінбай атындағы облыстық филормонияның өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламалырн назарға ұсынып, Алакөлді ән тербеп, күй құшағына алды.
А. ЕСЕНБЕКОВ.