Ел болашағы үшін жаңа қадам

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында референдум аясында Жалпыұлттық коалицияның «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы референдумның маңызын түсіндіру, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің ел дамуына ықпалын талқылау және қатысушылардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру болды.

Жиынға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының келуші қарттары, Алакөл аудандық ветеринариялық қадағалау қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ Amanat партиясының Алакөл ауданы бойынша филиалының өкілдері қатысты.

Кездесуді партия филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев ашып, референдумның ел болашағы үшін маңызды саяси қадам екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістердің әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.

Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, қойылған сұрақтарына жан-жақты жауап алды.

Мәліметпен бөлісу: