Ел игілігіне жаңа қадам


«Қазақ» деген ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің көк аспаны күні кеше ғана күркіреді, бейбіт жатқан дүйім ел дәрменсіз боп дүркіреді. Сойылын соғып келген содырлардың жаппай тәртіпсіздігінен қасиетті қазақ елі зардап шекті. Бейбіт күнде боздағынан айырылған аналардың, тірегінен айырылған асыл жардың, асыраушысынан көз жазып қалған сәбилердің көз жасына не шара?
11 қаңтар күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Сыналар шақта шыңдалған мемлекет басшысы жұртшылықты сабырға шақыра отырып, түрлі тапсырмалар мен міндеттемелерді орындауда нақты қадамдарды баса айтты. Үндеуде айтылған сансыз шығынға батқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні өте орынды дер едім. Мемлекеттен кейін елдің әлеуетін көтеріп отырған кәсіпкерлерге оңтайлы шаралар, қолдаулар аса қажет.
Сондай –ақ қорғаныс пен құқық қорғау саласын реформалауды басты жолға қою қажеттігін ескерткен Президент олардың әлеуметтік – материалдық жағдайына көңіл бөлінетіндігін баса айтты. «Мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта құру сияқты стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Біз Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құруымыз керек. Олардың барлығы бір мақсат – максималды тиімділік жолында үйлесімді жұмыс істеуі керек», — деген Қ. Кемелұлының мәлімдемесі азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін болатын.
Бұдан кейін Президент батыс өңірі мұнайлы өлке болғандықтан, техникалық оқу орындарын көптеп ашуды тапсырды. Бұл дегеніңіз жергілікті жердегі жастардың оқу іздеп шалғайға кетпей, өз аймағының гүлденуіне көп септігін тигізетіндігі түсінікті.
Мың өліп, мың тірілген қазақтың сағы сынбаған, жырымен жағы тынбаған. Ендеше, елімізден құт- береке қашырмайтын, басымыздан сөз асырмайтын халықтың өкілі ретінде айтарым: күшімізді біріктіріп, тура жолдан таймайық, Тәуелсіздіктің әрбір таңын қадірлейік. Мен халықтың әлеуметтік, қауіпсіздік мәселелеріне ерекше ден қойған өз Президентіме сенемін, өз Президентіммен біргемін!

Калияева Кенжегуль Амиргазиновна

-Аудандық білім беруді дамыту оқу- әдістемелік орталығының аға әдіскері

Мәліметпен бөлісу: