Алакөл аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер
Ирмикеев Нұрлыхан Аяджанұлы
1964 жылы 26 қаңтарда Үшарал қаласында дүние келген. 1981 жылы Талдықорған құрылыс техникумына оқуға түсіп, әскери борышын орындағаннан кейін 1986 жылы «Құрылыс шебері» мамандығын алып шыққан. 2007 жылы Гуманитарлық экономикалық академияны «Қаржыгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын Үшарал ұжымшарында құрылыс бөлімінде құрылыс бригадирі, аға мастер, цех басшысы болып бастаған.
2001-2006 жылдар аралығында аталған ұжымшар «Алакөл Агро» ЖШС болып қайта құрылғанда директордың құрылыс жөніндегі орынбасары болды.
2006 жылдың 2 ақпанынан бүгінгі күнге дейін «Алакөл-Асыл-Құрылыс» ЖШС-нің құрылтайшы-директоры және «Алтын-Апа» шаруа қожалығының жетекшісі. Бір ескере кететіні серіктестік қазіргі таңда 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ирмекеев Нұрлыхан өз еңбек жолында Қазақстан Республикасы Президентінің, бұрынғы Алматы облысы әкімінің, Алакөл ауданы әкімінің Құрмет грамоталарын, қоғамдық марапаттаудағы «Ұлт даңқы», «Кедендік Одақтастық мемлекеттерінің Құрметті азаматы», «Қазақстанның Құрметті азаматы», «Экономика мақтанышы», «Қазақстан экономикасының жұлдызы» ордендерімен, мемлекеттік бағыттағы «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медальдарымен наградталған.
Сайлауалды бағдарламасы
Елдің ертеңі үшін білек сыбанып, балақ түре еңбек ету – барлығымыз үшін ортақ міндет. «Ер туған жеріне» демекші, туған өлкеміздің өркендей түсуіне мен де атсалысуды жөн санап отырмын. Осы ретте «Жаңа Қазақстанды» құру жолында қолға алынған депутаттар сайлауына қатысып, өз бағымды сынамақшымын.
Бұқараның сенімі мен дауысына ие болып жатсам, алдағы уақытта төмендегідей жұмыстарды атқаруды мақсат етудемін:
- Ең алдымен әлеуметтің әлсіз топтарын қолдау, олардың күнкөріс мөлшерінен төмен жағдайдан алып шығу, халықтың жағдайының оңалуына жол ашу;
- Жаңа жұмыс орындарының ашылуына күш сала отырып, отбасы нәпақасын таба алмай жүрген азаматтарға көмек қолын созу;
- Әлеуметтік маңызды салалардың, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жастар мәселелері төңірегіндегі күрделі мәселелерге жіті көңіл бөлу;
- Болашақ иелері болып отырған жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, олардың дарын-дағдыларын дамыта отырып, әр салада озық әрі үздік болуына ықпалдасу;
- Қала мен ауыл арасындағы үлкен тепе-теңсіздікті жойып, ауылдық мекендердегі қауымның түйіткілді тақырыптарын шешу, инфрақұрылымға баса назар аудару;
- Айдынды өңіріміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайына баса назар аударып, қалың бұқараның тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытындағы жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына ықпал ету;
- Жаһандану заманында ұлттың ұлт болып қалыптасуына, оның дәстүрі мен ұлттық болмысының сақталып қалуына мейлінше атсалысу;
- Бұқараның басты мәселесі болған баспана тақырыбына жіті назар аударып, Үшарал қаласында көп қабатты үйлердің салынуына, сол арқылы халықты үймен қамтамасыз етуге ықпал ету;
- Үшаралдағы жылу қазандығын күрделі жөндеуден өткізіп, қуаттылықты арттыру мақсатында қосымша қазандық орнату;
- Спорт саласын өркендетуді бір жолға қоя отырып, Үшарал қаласына жүзу бассейінін салуға ықпал ету;
- ХХІ ғасырдың талабына сай өңіріміздегі әр салаған ІТ технологиялар мен жаңышылдықтардың енгізілуіне, ауылдық аймақтарға ғаламтор желілерінің тартылып, ақпараттық байланыс орнатылуына күш салу.
- Елдің мүддесін көздейтін тың жобалар мен идеяларға жан бітіріп, әр ісімді халық мүддесіне бағыттауға барынша тырысамын.
Осы аталған жұмыстар мен өзге де ілкімді істерді жоспарлап, қалың қоғамның мүддесіне бағыттау менің басты мақсатым болып отыр.