Ел үмітін ақтады

Кейінгі жылдары аудан спортшылары халықаралық, әлемдік ареналардан жиі көрініп, қоржынымызды түрлі жүлделермен толықтырып жүр. Әсіресе, бокс, күрес, джуи-джитсу, дзюдо мен ұлттық жекпе-жектің өрісі кеңейіп келеді.

Жуырда Астана қаласында грепплинг күресінен Азия Чемпионаты өтіп, байрақты бәсекеге ауданымыздың мақтанышы, джуи-джитсудан Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы Жомарт Болатханұлы аттанған еді.

Сом білекті, күрзі жұдырықты спортшымыз кәрі құрлықтың кіл жүйріктерімен сайысқа түсіп, қарсылас шақ келтірмей финалға дейін шалынбай жетті. Ширақ қимыл, шапшаң қозғалыс, жіті дайындығының арқасында небір балуандардың жауырынын жер қаптырып, алакөлдік жұрттың үмітін ақтай білді.

Екі күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Ж.Болатханұлы күміс жүлдені кеудесіне тағып, мерей-мәртебемізді еселей түсті.

«Бұл тек Жомарттың ғана емес, ауданымыздың да айтулы жетістігі. Айдынды Алакөлдің шипалы суына шомылып, саф ауасымен тыныстаған спортшымыз елдің, жердің сенімінен шығ білді. Қазақы өр намысының, қайрат-жігерінің арқасында екінші орынның мінберіне көтеріліп, өңіріміздің атақ-абыройын асқақата түсті. Біз мұндай азаматтарымызбен мақтануымыз керек»,- дейді жүлдегеріміздің бапкері А.Нұрланұлы.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: