Елбасы жолдауы ел мүддесі үшін

Былтырғы жыл төрден орын алған тегеурінді отыз елдің көшіне қосылуға ұмтылған Қазақстанның алты құрлықтағы атағын едәуір аспандатқаны мәлім. Елбасының дәстүрлі Жолдауынан бастау алған жыл мемлекетіміздің даму процесін жеделдетіп, желкеніне жел үрлегені де жасырын емес. Артынша рухани азғындаудың алдын алу мақсатында жарияланған мәні мен маңызы ерек мақала біздің жаһандық бәсекелестіктегі бәсімізді жоғарылатты. Енді міне, қазақы түсініктегі жеті қазынаның сапын толықтырған төбет жылы Ұлт көшбасшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы халыққа Жолдауын жария етіп, мақсат-міндеттер аясын кеңейтті. Бұл Жолдау өз кезегінде қазақстандық даму үлгісінің төртінші тұғырын тіктеуге сүбелі үлесін қоспақ.

Дидары өзгерген дәуірдің сұранысы артып, сынағы молайды. Уақыт талабы қатаңдап, заман ағысының арынына шыдас беру үшін үзіліссіз, үздіксіз жаңғырып отыру керектігі көптеген елдердің тізесінен қағып, тұрмысына сызат түсіргені белгілі. Тегершігі шыр айналған тынымсыз тірліктің етегіне жабысып, ертеңіміз үшін елеулі қадамдарға барсақ қана бұлыңғыр тартқан болашағымыздың бояуы қаныға түспек. Көптеген елдер ескіден қалған ессіз шешімдерінің шекпеніне жармасып, құз басында құлдырауға жақын тұр. Осы ретте алпыс қырдың артындағы айтулы деген дүниелерді аңғарғыш Елбасы биылғы Жолдауында бүгінгі дәрежеміздің дәрегейінен ары адымдауға қажетті қадамдарды тайға таңба басқандай айқындап берді.

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде мемлекет дамуында мызғымас саясат, қарқынды еселеніп отыратын экономика мен адами капиталдың қалыпты өсуінің артықшылығы алапат. Сонымен қатар, жаңа технологиялардың өктемдігі артқан заманда артқы шептен көрінбес үшін кез-келген өзгерістің өзегінен теппей, модернизациялық үдерістерден қалыс қалмағанымыз абзал.

Қазақстандық даму үлгісіне жаңа мүмкіндіктер ұсынған биылғы Жолдаудың әр тармағында салмақты ой, сарабдал саясат жасырынғаны ақиқат. Нақты міндеттер көрсетіліп, мақсатымыз айқындалған. Он бөлімге бөлінген тағылымды туындыда мемлекетіміздің тарихтағы таңбасын алтынмен аптауға қажетті артықшылақтардың шымылдығы сырылып, шындығы айтылған.

Алғашқы тарауының тақырыбын таразыласақ индустриаландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру керектігі әлемдік бәсекелестіктегі бәсіміздің басым түсуіне ұйытқы болмақ. Мемлекет эконикасының тірегіне айналған салаларды цифрландыру арқылы өндірілген өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу сұрақтары көтерілді. Себебі, дүниежүзілік нарықта «Қазақстандық» брендты қалыптастыру үшін ең алдымен саннан сапаға, сыннан нәтижеге ығысқан жөн. Шетел асыратын тауардың тұтынушылар көңілінен шығуы, сол арқылы сұраныстың еселенуі нақты міндет.

 

 

Ескілік заман ес білмес уақыттардың қойнауында кетті. ХХІ ғасыр нағыз арпалыс, бәсеке заманына айналып, жаңа технологиялардың, инновациялар мен компьютерленген құралдардың өктемдігі артты. Бұрындары айлап, жылдап жүретін жұмыс қазір екі сағаттың көлеміне сыйып кететіні де жасырын емес. Себебі, барлық сала, мамандық, қызмет цифрландыру сүзгісінен өтуде. ІТ және инженерингтік қызмет көрсету дамыған сайын еңбек өнімділігі де артпақ. Осы ретте Елбасы 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустриаландырудың үшінші бес жылдығын әзірлеуді тапсырды. Нәтижесінде, озық отыз елдің қатарына қосылу мақсатымыздың кезекті сатысы бағындырылмақ.

Екінші тараудың ерекшеліктерін екшесек ресурстық әлеуетті одан әрі дамытудың көптеген артықшылықтарын аңғарамыз. ХХІ ғасыр адамзат өркениетінің өрістеуіне молынан мүмкіндіктер сыйлағанымен табиғи ресурстарға деген мұқтаждық жоғалмады. Керісінше күн өткен сайын артып келеді. Сол себепті де, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізе отырып, барлық кәсіпорындардың қуат көздерін үнемдеуге, энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне баса назар аудару керектігін ескертті.

 

 

Бұл түйіткілді тақырыптың түйінін тарқату мақсатында егемендігіміздің еншісі Елордамызда былтыр «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі түңлігін түрді. Сөйтіп, аталмыш көрме баламалы «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты арқынды екенін көрсетті.

Жер қойнауында жасырынған көмір-отын, алтын-күміс, мыс-мырыштар мәңгілік емес. Бүгін болмаса ертең дорбамыздың түбі тесіліп, қолымызға ілігер дүние таппай қалуымыз да мүмкін. Сондықтан, қазірден бастап баламалы қуат көздерін өндіруді алға қою керектігі айтылды. «Жасыл» технологияларға инвестицияларды молынан тартып, бұнымен айналысатын бизнесті ынталандыру өте маңызды. Ал табиғи таза қуат көздерін өндіру құралдары мен жолдарын, ұтымды һәм тиімді тұстарын көрсеткен «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның атағын аспандатып қана қоймай осы саладағы соңғы жаңалықтарды төңірегіне ұйытты. Соның нәтижесінде көптеген креатифті жобалар жүзеге асып, бірталай ілкімді істер атқарылды.

Үшінші мінберге көтерілген «Ақылды технологиялар» — агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» тақырыбындағы тарауы мемлекетіміздің басым бөлігі айналысатын ауыл шаруашылық саласын жаңғыру синтезінен өткізуге бағытталған. Аграрлық саясаттың еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және тауар экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігі баса көрсетілді. Дән егіп терлеген диханшы халықтың бақуатты тірлігі алқаптағы өнімің молдығымен өлшенсе, бұл сфераға ақылды технологиялар легін жұмылдыру әлеумет әлеуетінің оңалуына оң әсер бермек. Біз көбіне өнім дайындауға қабілетіміз жетіп, толайым табыс тапқанымызбен тізгінді қолға толықтай алмадық. Себебі, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етуде кенжелеп қалдық. Әлемдік нарыққа сапалы өніммен шыққымыз келсе ең алдымен осыны назардан тыс қалдырмаған абзал. Осы ретте аграрлық ғылымды дамуты мәселесі кесе көлденең құлайтыны жасырын емес. Ол үшін даңа технологияларды трансфертеу мен оларды өз ыңғайымызға бейімдеуді бастау қажет. Және де ауыл шаруашылығы кешенінде нақты тәлімі мен тәжіибесін айғақтайтын мамандар легін қалыптастырып, ғылымға деген назары жоғары азаматтардың білім, біліктігін жетілдіру керек. жоғарғы оқу орындарының бағдарламаларын жаңғыртып, оларды агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибе тарататын орталықтарға айналдыру талап етілді. Әрине, өз саласының сойылын соғып, соқпағын жатқа білетін мамандар тапшы екендігі жасырын емес. Қолдарына диплом ұстағанымен диханшылық өмірден мүлдем хабарсыздар жетерлік. Осы олқылықтың орнын толтырып, ауыл шаруашылығының дамуына жұмыла кіріссек ұпайымыз ұтымды түгенделері хақ.

Бұл тек алғашқы үш қадамы. Осының өзіндеріне жан бітіре білсек озық отыз елдің көшін бастауға мүмкіндігіміз артпақ. Керегі тек әрекет.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: