Айбынды әскер – егемен елдің нық тірегі, қамал-қорғаны екендігі даусыз. Мемлекетіміздің шекарасы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген олардың еңбегі әр уақытта да қадірлі.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні аудан аумағында орналасқан әскери бөлім жауынгерлері Д.Қонаев атындағы орталық алаңда сап түзеп, салтанатты жиынның құрметті қонақтары атанды.
Сөз алған өңір башысы Ә.Жақанбаев: «Тәуелсіз мемлекетіміздің тыныштығын күзетіп, ел болашағы үшін аянбай еңбек ету әр біріміздің мойнымызға артылған парыз. Туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес өсиеті. Сондықтан да бүгінде сайыпқыран сарбаздарымыз осы ерлік дәстүрін лайықты жалғастырарына күмәнім жоқ»,- дей келе, барша алакөлдік ер-азаматтарды атаулы меркемен құттықтап кетті. Сонымен қатар, әскери қызметте үздіктер көшін бастап жүрген жауынгерлерді Құрмет грамотасы мен алғыс хатпен марапаттап кетті.
Келесі болып мінберге көтерілген 40398 әскери бөлімінің командирі, полковник С.Рамазанов мереке иелеріне ізгі тілегін жаудырып, бірнеше азаматтың кеудесіне «Үздік әскери қызметі үшін» медалін тақты.
Аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламадан кейін, әскери бөлім командирлері, Ұлы Отан, ауған соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен үздік әскери қызметкерлерге мерекелік дастархан жайылды.
А.АСХАТҰЛЫ.