Биыл мамыр айынан бастап елімізде тағы бір жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайында жариялады. Бағдарламаның жүзеге асырушы – «Отбасы Банк». Ипотеканың талаптары мен ережелері туралы облыстық «Отбасы банкі» филиалының өкілдері Өңірлік коммункациялар қызметінде айтып берді. Өтініштер «Баспана маркет» порталында сәуірдің 25-і мен маусымның 30-ы аралығында қабылданады. Бағдарламаға барлық қазақстандықтар қатыса алады. Оған әлеуметтік осал топтың өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, «Отбасы Банкінің» салымшылары жатады. «Наурыз» бағдарламасының шарттарына тоқталсақ, бастапқы жарна 20 проценттен басталады. Тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдеріне 7 процентпен беріледі. Ал азаматтардың барлық санатына несие 9 процентпен есептеледі. Несие мерзімі 19 жылға дейін беріледі. Бағдарламаға қатысушылардың және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы тиіс. Алматы және Астана қалаларында, облыс орталықтарында бұрын қолданыста болмаған жаңа баспана ұсынылады. Ал басқа өңірлерде, яғни аудандар мен моноқалаларда, елдімекендерде бастапқы және қолданыстағы баспана алу мүмкіндігі беріледі», – деді облыстық Отбасы Банк филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев. Айта кетейік, «Наурыз» ипотекасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан басты айырмашылығы – салымшының депозит мерзіміне қарамайды. Яғни, бүгін депозит ашып, ертең бағдарламаға қатысуға болады. Тек бір ескеретін жайт, депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Қатысушылар бастапқы тұрғын үйді «Баспана маркет» порталында өзі таңдай алады. Мұндай ерекшелік ең алдымен тұрғын үй бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуге бағытталған. «Алматы, Астана қалалары бойынша берілетін несие сомасы 36 миллион теңге. Ал, басқа өңірлерде, сондай-ақ, Жетісу облысында 30 миллионға дейін беріледі. Баспана бағасы тұрақты болуы үшін біз өтінімдерді «Баспана маркет» порталы арқылы қабылдаймыз. Құрылыс компаниялары біздің порталға өтінім тастайды. Одан біз бәрін қадағалап, қарап отырамыз», – деді бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Булегенов. «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы 8 жылға негізделген. Осы уақыт аралығында еліміздің 68 мың азаматын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биыл республика бойынша бұл бастамаға 300 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылып, 12 мың қазақстандық бағдарлама аясында пәтерге ие болады деп күтілуде.