
Қазақстанның энергетикалық ресурстары мол болса да, оның көп бөлігі көмірге негізделген дәстүрлі электр станциялары арқылы өндіріледі. Бұл экологиялық проблемаларды тудырып қана қоймай, энергияның тиімділігін төмендетеді. АЭС, керісінше, көміртегі шығарындыларын азайтып, ұзақ мерзімді перспективада тұрақты энергия көзін қамтамасыз етуге қабілетті. Мысалы, АЭС-тен өндірілетін 1 кг уран жанармайы 1000 тонна көмірге тең энергия шығарады, бұл оның жоғары тиімділігін көрсетеді.
Көмір электр станциялары атмосфераға үлкен көлемде зиянды газдар шығарады, бұл жаһандық жылынуға және экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін. АЭС-тің басты артықшылығы – көмірқышқыл газының шығарылмауы, яғни ол ауаға зиянды қалдықтар тастамайды. Радиоактивті қалдықтар мәселесі болса, бүгінгі таңда арнайы технологиялар арқылы қауіпсіздік талаптарына сәйкес сақталады. Көптеген дамыған елдерде АЭС экологиялық таза энергия көзі ретінде танылып отыр.
АЭС төңірегінде көптеп айтылатын мәселелердің бірі – оның қауіпсіздігі. Чернобыль және Фукусима апаттары атом электр станциясының қауіптілігі туралы ойларды күшейткенімен, қазіргі заманғы технологиялар мен халықаралық қауіпсіздік стандарттары бұл тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан, атом энергетикасы саласында әлемнің үздік тәжірибелерін қолдана отырып, қауіпсіздік шараларын күшейтіп, барлық халықаралық нормаларды сақтай отырып, АЭС құрылысын жүргізуіне толық мүмкіндігі бар.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алып тұрғандықтан, өз жерінде АЭС салу – энергия өндірудің жаңа сатысына көшу деген сөз. Бұл елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл қадам Қазақстанның «жасыл экономика» жолында маңызды бастама болмақ.
АЭС – Қазақстанның болашақта энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологиялардың бірі. Әрине, бұл шешімнің алдында көптеген мәселелерді мұқият қарастырып, халықаралық тәжірибені есепке алып, халықтың қауіпсіздігі мен экологиялық талаптарды сақтау маңызды. Дегенмен, АЭС-тің дұрыс пайдаланылуы Қазақстанның энергетикалық жүйесін жақсартып қана қоймай, оның болашақ дамуына да елеулі үлес қосары сөзсіз.
А.ӘБИТҰЛЫ.