Қазіргі таңда күллі республикада коронавирустық ахуал көңіл көншітерлік емес. Күнігі науқастар саны көбейіп, өлім жағдайлары да жиі тіркелуде. Медицина саласының қызметкерлері бар күш-жігерлерін сарп етіп, тұла бойдан әл кеткенше жанталасуда.
Ауданымызда да сырқаттану белгілері азаяр емес. Орталық аурухана науқастарға лық толы. Пандемияның бас кезінде орнатылған оттегі стансасы өз жұмысын тиісті режімде атқарып жатқанымен, қуаттылығының жетіспеушілігі де байқалуда. Осы ретте арнайы баллондарды оттегімен толтырып, салмағы зілдей темірлерді науқастарға жеткізу үшін адам күшін керек етуде. Аурухана қызметкерлері жаппай науқастар халін бағамдап, ем-домдарынан босамай жатқандықтан баллон тасуға еріктілердің көмегіне деген қажеттілік артуда.
Бір қуантарлығы, ауданнның адуынды жастары науқастар мен дәрігерлерге қолғабыс етуге әзір. Арнайы кезекшілік ұйымдастырып, тәулік бойы ауруханада жүрген еріктілер де бар. Өңірдің белсенді жастары, бөлім-мекемедегі жігіттер, тіпті өзге ауыл азаматтары да көмек көрсетуде.
Соның ішінде «Бір арман» еріктілер тобының мүшелері де бар. Аудандық мәслихаттың депутаты, жас журналист Алмат Есенбеков бастаған жігіттер де ауруханада кезекшілік жасап, қолдан келгенше демеп-жебеп жүргендері нағыз азаматтық деп білеміз.
«Бұл біз үшін қиындық тудырар жұмыс емес. Өз жерлестеріміз, туыстарымыз да сырқаттанып жатыр. Осындайда немқұрайлылық танытып, сен тимесең мен тиме деп жатуымыз жігіттігімізге сын деп білемін. Ерікті ретінде баллон тасып берсек те вирустың ары таралмауына титтей де болса септігіміз тисе игі еді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел басына күн туғанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халық мүддесі үшін қам қылу ерге міндет»,- дейді, топ мүшесі Айдос Ыбраев.
Сауапты істе Мирас Шаймарданов, Ануар Базарбеков сынды ұстаздар, Ғалымбек Рамазанұлы, Елнұр Тезекбаев сынды белсенді жастар да атсалысуда.
«Барша аудан жастарын осындай игілікті істердің ұйытқысы болуға шақырамыз. Шыны керек, қазіргі жағдай еркінсіп отыруды құптамайды. Ел болып еңсе көтеріп, жұрт болып жұмылатын кезең. Аурухана қызметкерлерінің күші барлығына жете бермейді. Біз жастар, кішігірім болса да өз көмегімізді тигізіп, сырқаттардың сауығып кетуіне септесуіміз керек»,- дейді, топ басшысы А.Есенбеков.
А.ХАНЗАДА.