Ертеңгі қадам бүгінгі істен басталады

Көктұма қазақ орта мектебі – түлектерінің ұлттық рухы бекем, әр шәкірті білім биіктерінен көрініп жүрген қара шаңырақ.

Кез келген жетістіктің табан тірер негізі, бастау бұлағы болады. Ол өткен тарихы, жүріп өткен жолы. Осы бір қара шаңырақтың тарихына үңілсек, әр жылы сырлы шежіреге толы.

Аталған оқу ордасы «Красный Октябрь» (Көктұма аулының бұрынғы атауы) колхозында 1930 жылы бастауыш сауат ашу мектебі болып ашылған.Бұл мектепті ұйымдастырушы Сібірден келген мұғалім Ванюхин Сергей Тимофеевич еді.1946 жылы мектепте алғашқы қазақ сыныбы ашылып, мұғалімі Туғанбаев Кенішбай болған.

Мектеп 1964 жылы арнайы оқу кабинеттері мен спорт залы бартиптік жаңа ғимаратқа көшірілді. Осы жылдары мектепке жерлесіміз,Ұлы  Отан соғысының батыры Георгий Михеевич Безродныхтың аты берілді.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерді» деп Ілияс ақын айтқандай, өзіне жүктелген ел сенімін мінсіз атқаруға күш-жігер, білім-білігін, тәжірибесін аямай туған жерге еңбек сіңірген, дарын-даралығымен халық мақтанышына айналған азаматтардың қалдырған ізін еске алып, ардақтай білу баршамыздың парызымыз.

Бүгінде табысты мектепке жету жолында, білім беру мазмұнын жаңартуда «Назарбаев зияткерлік мектептері» тәжірибесін оқып үйрену,  мектептің оқу -тәрбие үдерісіне біртіндеп енгізу көзделіп отыр. Ал бұл өзгерісті енгізу, әрине,  ұстаздар қауымына жүктелген міндет.

«Мұғалім ең жауапты міндетті орындайды – ол адамды қалыптастырады» – деп дана халқымыз ой түйгендей, мектеп ұстаздары қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар оқуды түбегейлі өзгертуге бағытталғынын терең түсінеді.

Қазіргі таңда біздің мектепте 41 ұстаз еңбек етеді, оның барлығы жоғары білімді. Жоғары санатты ұстаздар 11, бірінші санатты 22 мұғалім. Соңғы екі оқу жылында 21 мұғалім жаңартылған білім беру бағдарламасы  бойынша курстан өтсе, 7 мұғалім деңгейлік бағдарлама бойынша біліктілігін арттырды. Жаңа жүйе бойынша аттестаттауға 9 мұғалім қатысты.

Биылғы оқу жылында мектеп ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Оқу кабинеттері жаңа парта мен орындықтар, тақталар, компьютерлік техникалар мен интербелсенді тақталармен қамтамасыз етілді. Оқушылардың жаңа заман талабына  сай білім  алуы мен тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған.

Елбасымыз қай Жолдауында болмасын, ең негізгі фактор ретінде адам өміріне, оның денсаулығына баса назар аударып келеді.

Мектепжұмысының басты бағыттарының бірі – оқушыларды салауатты өмір салтына ынталандыру. Шәкірттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін  күрес, волейбол, баскетбол спорттық секциялары, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері  жұмыс істейді.Спорттық ойындар мен жарыстардың қорытындысы «Спорттық жетістіктер» тақтасында жарияланады.

Әр баланың өз бойында ерекше біткен таланты болады, соны анықтау, дамыту әр мұғалімнің парызы. Мектепте дарынды, өнерлі оқушыларды шыңдау мақсатында домбыра, би, шебер қолдар, жас ақындар үйірмелері жүргізіледі.Жаңа технологияларды жобалау, балаларды бағдарламалауға үйрету мақсатында  робототехника үйірмесіне оқушылардың қызығушылығы артуда.

Мектептің басты миссиясы қоғам талабына сай түлек тәрбиелеу. Өткен оқу жылында мектепті 22 түлек бітіріп, оның 16-сы мемлекеттік грант иелері атанып, жоғарғы оқу орындарында білім жалғастыруда. Он бір жыл бойы үздік оқыған 3 оқушы орта мектепті «Алтын белгі» белгісіне бітірді.

Ұстаздардың тынбай еңбектенулерінің нәтижесінде мектептің дарынды  оқушылары аудандық, облыстық байқауларға қатысып өз нәтижелерін көрсете білді. Мектептің оқу-тәрбие жұмысының жоспары облыстық «Оқу – тәрбие үрдісін тиімді жоспарлау – табысқа жетудің кепілі» байқауында ІІІ жүлделі орынға ие болды.«Мектепішілік бақылауды жоспарлау мен тиімді ұйымдастыру» тақырыбы бойынша іс — тәжірибем  облыс көлемінде таратылды.

Мектеп ұжымы алдағы уақытта да «табысты мектеп» қатарынан көріну жолында жұмыла еңбек етпек.

А.ҚАСЫМЖАНОВА,

Көктұма қазақ орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты.

Мәліметпен бөлісу: