Гендерлік теңдік – заман талабы



Өмір тұтқасын ер мен әйел заты тең ұстау қағидаты барлығымызға бөтен құбылыс емес. Яғни, отбасын құру, ұрпақ өрбіту мен әлеуметтік жағдайды қалыптастыруда жанұядағы ана мен әке тең құқықта болуы шарт. Сонда ғана төрт тұғырын тең ұстаған қоғамдық пікір теңселмесі хақ.
Айналаға қарасаң түрлі жағдаяттарға көзің сүрініп, бұқара арасында резонанс тудыратын мәселелерге де жолығып қаласың. Соның бірі – гендерлік теңдік. Бұл ретте әйелдің ерден биік болуы немесе еркектің үстемдік құруы емес, екеуінің де бір дәрежеде болуын алғышарт ретінде қарастырған жөн. Мәселе мінберіне «Гендерлік теңдік» тақырыбын көтеруіміз де бекер емес. Бұның астарында дүйім жұртышылқты алаңдатқан алып проблема жатыр.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде Конституциясына да жыныстық ерекшеліктерге қарап біреуге басымдық беруге тыйым салып, ер мен әйелді жалпы азамат ретінде қарастыруды міндеттейді. Демек, теңдік мәселесі заңдық тұрғыда қорғалып, қозғалып жатқанын аңғарамыз. Алайда, нақты іске келгенде заңның кей тұстарда орындалмай жатқанын да көпшілік көріп отыр. Әсіресе отбасындағы кикілжің кезінде әйелге көрсетілер әлімжеттік тыйылар емес. Зорлық, зомбылық сынды керағар жайттардың көптігі елді елең еткізбей қоймайды.
Әйел теңдігі – әлемдік мәселе екендігі рас. Қай мемлекетті алсаңыз да гендерлік біркелкілікті көздейтін қозғалыстар, стратегиялар мен реформалар, тиісті жобалар қолға алынуда. Дүниежүзінде дүмпу алған бұл бастаманың ғасырлық тарихы бар. Сол уақыт аралығында өзгерістер дауылы желкенімізді тиісті бағытқа бұрды, алайда әлі де «қап, әтеген» дейтін тұстары баршылық. Қуантатыны, жаһандық озық үрдістерді іріктеп, еліміз де сол реформалардың ішінен өзіне қажеттісін қолдануда. Оның арасында гендерлік теңдік және отбасы құныдылығын көтеруге бағытталған бағдарларлы бастамалар да көп.
Қазіргі таңда әйел азаматы игере алмайтын сала кемде кем. Кез келген істе өзіндік ерекше көзқарасы мен ұстанымдарын, жаңашылдықтары мен мәселеге деген өзгеше көзқрастарының арқасында тиісті бағаларын алуда. Ауыр жұмыстарда да арулардың санының артып келе жатқаны «ердің ісі» деген түсініктен ада қоғамның қалыптасуындағы алғашқы бастапдақтар деп түсінеміз. Ал ұлттық тәрбие мен әлеуметтік салалардағы әйелдердің рөлі тіптен бөлек. Білім беру ісіндегі ізгілік ізін жалғаған ұлағатты ұстаздардың, денсаулық сақтаудаға шипалы қолымен шуақ сыйлар дәрігерлердің басым бөлігі нәзік жандылар. Үдерістерге үңілсек, мемлекеттік қызмет, тәртіп сақтау органдары мен әскери салада да олардың үлес салмағы артып келеді. Яғни, гендерлік теңдік ұғымын бекітудегі жұмыстар өзіндік жемісін беріп жатыр деген сөз.
Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының орны ерекше. Жалпы әйелдің мәртебесін көтеру, сол арқылы жанұядағы жылылық пен жарасымдылықты арттыруды көздейтін тұжырымдама тұғырын көтергелі ел тынысында тиісті өзгерістер белең алуда. Жыныстық кемсітулер тыйылды, қызметтегі құқық теңдігі біркелкіленді, нәзік жандылардың орны айқындалды.
Бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан да толастамасы рас. Қауымның ортақ түсінігіне әйел мен ердің құқықтары тең дәрежеде екендігі орныққанша басталған іс діттеген мақсатына адымдай бермек.


Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: