Әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанның ғылым мен индустрияны дамыту орайында басқа елдерден қалып қоймауы өте маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл ретте, биология ғылымы бағытында білім алатын студенттерге, сонымен қатар, болашақ генетиктерге ағылшын тілінде білім беру – жаңа мағлұмат-деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Үш тілді білім беру тұжырымдамасы бүгінгі таңда үш тілді білу бүкіл халықаралық кеңістікте жоғары білікті және бәсекеге қабілетті маман болуға мүмкіндік беретініне негізделген; кәсіби және мәдениетаралық қарым-қатынас деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстандағы тіл саясаты – Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігу жолы. Бүгінгі таңда қазақ қоғамы қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамытуға бағытталған үштілділік саясатын жүргізуде. Үштілділік саясаты ана тілін ұмытуды талап етпейді, керісінше қазақ тілін бірінші орынға көтереді.
Қазақстан жағдайында үш тілділік типологиялық тұрғыдан ерекшеленеді, әртүрлі тілдік топтарға және де түрлі жазу жүйесіне жататындықтан (кирилл және латын), қарастырылған елдермен салыстырғанда, біздің елге үш тілді білім беруді енгізу қиындайды. Дегенмен Қазақстанда ұлттық мәдениеттердің өзара әрекеттестігі мен өзара байытылуының бірегей тәжірибесі қалыптасқан. Мәдени және діни өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, ол Қазақстан Республикасы Парламентінің заң шығару қызметіне тікелей қатысу мүмкіндігін алғаны белгілі. Қазақстан Республикасында мемлекет халықтарының тіл байлығын дамытуға әрқашан ерекше қамқорлық пен көңіл бөлінуде, оның қазіргі қоғам дамуындағы рөлі аса зор екендігі ұғынылады.
2018 жылғы 27 сәуірдегі сол кездегі Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің баяндамасында, жоғары оқу орындарының негізгі басымдықтары қатарында бірқатар техникалық мамандықтардың оқыту тілі ретінде ағылшын тіліне кезең-кезеңімен көшіру керек екенін атап өтті. 2017-2018 оқу жылынан бастап, жаратылыстану-ғылыми бағытының 4 мамандығы бойынша педагог мамандарды даярлайтын 15 базалық ЖОО ағылшын тілінде білім беруге көшті. Қазіргі уақытта 17 ЖОО биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын педагог кадрларды даярлайды. Үш тілде білім беруді одан әрі енгізу ғылыми-әдістемелік базаны терминологияны біріздендіру тұрғысынан дамытуды талап етеді.
Көптілділік Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді. Үлкен жаһандық әлемнің ауқымды ақпарат ағынына және инновацияларына жол ашады. Әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып, алдыңғы қатардағы мемлекеттерден практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
Үш тілді білім берумәселесі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, интернационалдандаған білім беру мемлекет тарапынан ұлттық, саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешетін басты обьект ретінде қарастырлады.
Сондай ақ, қазіргі таңда біздің Биология және биотехнология факультетінің білім беру саласында көптілді білім беру жүйесі бойынша білім беру бағдарламаларын енгізуге кірісіп кетті. Факультетіміздің профессор-оқытушылар құрамы өз іс-тәжірибелерінде студенттердің интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын әр-түрлі технологияны қолдана отырып кураторлық сағаттарды үш тілде жүргізудің тиімділігін көрсетуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Генетика мамандығы бойынша үш сатылы білім бағдарламасы жасалған. Бұл білім бағдарламалары бойынша жүйелі түрде бакалавр деңгейінде, магистратура, PhD докторантурада үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) мамандар дайындалады. Аталған оқу орны мемлекетімізде бұл сала мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны болып табылады.
Генетика — қазіргі ғылымның маңызды бағыттарының бірі. Генетикалық зерттеулер медицинаның одан әрі дамуы мен тірі материяның эволюциялық механизмдерін білу үшін өте маңызды. Мұндай жұмыстарды мемлекеттік құрылымдар мен жеке корпорациялар жақсы қаржыландырады. Көптеген ғылыми орталықтар талантты генетиктерді іздейді және оларға тамаша жұмыс жағдайларын ұсынады. Мамандыққа деген сұраныс жоғары, ал болашақта оның қажеттілігі артады. Бағдарлама жалпы және молекулалық генетика саласындағы теориялық білімдері бар, практикалық генетика саласында, генетикалық мониторингке, генетикалық зерттеуледің деректер қорына және көпфакторлы статистикалық бағдарламалық әдістерге ие болатын; генетика, биология, биомедицина, биотехнология, экология, криминалистика, гендік қорды сақтау және есепке алу және Генетик маманның білімі мен дағдыларын талап ететін кәсіби қызметтің басқа салаларында тәжірибелік міндеттерді орындауға қабілетті маманды даярлауға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушылары доцент Чунетова Ж.Ж, доцент Жумабаева Б.А., Даулетбаева С.Б.