Халық үні – Конституция өзегі


Партияның желілік кестесіне сәйкес Конституцияның жаңа жобасын талқылау мақсатында аудандық коалиция мүшелері Үшарал қаласындағы «Алакөл» сауда үйінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – жаңа құжаттың негізгі бағыттарын түсіндіріп, еңбек ұжымының пікірін тыңдау болды.
Жиын барысында коалиция өкілдері Конституцияның жаңа жобасында қарастырылған басты бастамалар мен өзгерістер туралы айтып, оның ел дамуы мен қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ құжаттың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Кездесу кезінде сауда үйінің қызметкерлері өз ой-пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ашық әрі еркін форматта өткен жүздесу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мұндай кездесулер халықтың пікірін тыңдап, жаңа жобаның мән-маңызын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына жол ашып, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты аудандық коалициясы

Мәліметпен бөлісу: