Халық оң бағасын берді

Өңір басшысы Ә.Жақанбаев аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Достық ауылдық округіне ат басын тіреп, халық алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Шекара шебіде орналасқан кент тұрғындары жиынға жұмыла келмесе де, мектептің мәжіліс залы толғандай болды. Бұл жөнінде аудан әкімі де ескерту жасап, есептік жиынға халық көптеп жиналса, біршама мәселелер көтерілетінін жеткізді.

Алғашқы болып мінбер төріне көтерілген Достық ауылдық округінің әкімі Р.Құрмаев бұл лауазыма орналасқанына көп болмаса да, бар қажыр-қайратын салып еңбектеніп жатқаны байқалды. Бұл елдің алғысы мен оң пікірінен де аңғарылып тұрды.

Достық ауылдық округінің 2019 жылғы даму перспективаларына назар аударсақ, «КеденТрансСервис» АҚ мекемесі 582 млн. теңгеге жұмысшыларға арнап, 54 пәтерлі  жатақхана салып, биыл қолданысқа беруді жоспарлап отыр. «Тенгри Достық» ЖШС  200 млн. теңгеге3,3 шақырымды құрайтын теміржол тұйығы мен әкімшілік кешені құрылысын аяқтады. 2019 жылы қолданысқа беріліп, 20 адамға жұмыс орны ашылды.«Достық Каргосервис» ЖШС-гі 656 млн.  232  мың теңгеге 3,5 шақырымды құрайтын темір жол тұйығы және локомотив тұрағы ғимаратының құрылысын салды. Теміржолсу–Алматы ЖШС 3,2 млн. теңгеге су құбырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні Абай, Т.Рысқұлов, Бәкіров, Д.Қонаев, Әлібаев көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген Сонымен қатар Т.Рысқұлов, Бәкіров, Әлібаев көшелерінің түңгі жарық шамдары ауыстырылып, 3 көшеге 71 бағана орнатылды.  «Теміржолшылар» саябағына жергілікті бюджеттен 5,1 млн. теңгеге бөлініп, ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Оспанова» ЖК жеке қаражатына 20 млн. теңгеге Достық ауылында наубайхана құрылысын жүргізуде. 2020 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Келесі кезекте сөз алған аудан басшысы Ә.Жақанбаев өңірімізде өткен жылы атқарылған ілкімді істерді шолып, алдағы жоспарлар легімен де бөлісті. Нақты осы округке тоқталар болсақ, 2020 жылы сан уақыттардан бері халықтың көмейінде іркіліп, жауыр болған жол мәселесінің шешілетіні баяндалды. Атай кетсек, «Үшарал-Достық» бағытындағы күре жол күрделі жөндеуден өтіп, халық біраз машақаттан құтылатыны айтылды. Сондай-ақ ауыл ішінде алып дене шынықтыру және сауықтыру кешені  салынып, оған 1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатынын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде алты мыңға жуық халқы бар округте спорттың дамуына, жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын насихаттауға таптырмас дүние екендігі рас.

Баяндама барысында аудан әкімі әлеуметтік азық-түліктің бағасын қадағалау жұмысы өз дәрежесінде атқарылмай отырғанын айтты. Соның ішінде ас атасы саналар нан бағасының тиісті мөлшерден асып кеткендігі ескертіліп, наубайханаларға әлеуметтік ұн жеткізу ісін қолға алуды қатаң тапсырды. Сондай-ақ Достық №11 орта мектебіндегі асхана жағдайын, ауылдағы аурухана ахуылын сынға алды.

Жиналғандар тарапынан кәріз жүйесіндегі олқылықтар мен жарық мәселесі көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.

Артынша аудан әкімі ауыл халқын жеке-жеке қабылдап, түрлі мәселелр көтерілді. Солардың ішінде ең өзектісі баспана, жер және жұмыс тақырыптары болды. Бірі пәтер жағалап, бір бөлмелі болса да үй сұраса, екіншілері баспанасының тарлығын айтып, мұңдарын шақты. Өңір басшысы бұған қатысты жұмыстар атқарылып жатқанын және әп дегеннен барлығы үй бере сал мүмкін еместігін жеткізді. Заң шеңберінде, кезекке сәйкес, уақытылы жұмыс атқарылатынын айтты. Жұмыс және жер мәселесімен келген көпбалалы аналардың да сұрақтарына тұщымды жауаптар беріліп, мәселені шешу тиісті мекеме басшыларына тапсырылды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: