
Мемлекет басшысы Қазақстанның тұрақты дамуын ауқымды инфрақұрылымды жаңғыртпай және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтусыз жалғастыру мүмкін емес екенін атап өтті. Осы мақсатта Энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылуда, тек биыл ғана қаржыландыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерінің ұзақ мерзімді сенімділігін қамтамасыз ете отырып, инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға көшуде.
Елдің энергетикалық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылуда. Газдандыру деңгейін 65%-дан 80%-ға дейін арттыру және 2029 жылға қарай кем дегенде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздерінен алынатын 13 ГВт-тан астам жаңа генерациялық қуаттарды пайдалануға беру міндеті қойылды. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында заманауи жылу электр орталықтарының құрылысы жалғасуда. Президент алғашқы атом электр станциясы жобасын іске асыруды елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігінің негізін қалайтын және жоғары технологиялық экономиканы дамыту үшін жағдай жасайтын маңызды стратегиялық шешім деп атады.
Қазақстанның көлік және логистикалық әлеуеті тұрақты түрде дамып келеді. Жаңа теміржол желілерінің, автомобиль жолдарының, әуежайлардың және логистикалық орталықтардың құрылысы жалғасуда. 13 мың км жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 6 мыңы қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Соңғы бес жылда автомобиль транзитінің көлемі екі есеге артып, 6 млн тоннаға жетті, ал Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы бес есеге артып, 4 млн тоннадан асты. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретіндегі орнын нығайтады.
Бір мезгілде, Қазақстан экономикасы мен мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясын жеделдетуде. Елдің цифрлық дамуы үшін заманауи құқықтық базаны қалыптастыратын Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы іске асырылуда, жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізіліп, eGov Business платформасы дамытылуда, ал электрондық коммерция көлемі соңғы бес жылда сегіз есеге жуық өсіп, 3,7 трлн теңгеге жетті. Суперкомпьютерлік инфрақұрылымды, «ЖДО алқабы» жобасын және Alem.ai халықаралық орталығын құру Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға және өңірдегі технологиялық көшбасшыға айналуға мүмкіндік береді.
