Айдынды көлдер мен айбынды таулар, бұйрат құмдар мен орман-тоғайы қатар үйлесім тапқан Қазақстанның тарихы да тағылымды, сол тарихын қалыптастырып жүрген азаматтары да текті. Апайтөс даламыз флора мен фаунаның түр-түрін қойнына сыйдырып байлығын танытса, алтын құрсақты аналардың жатырында жетілген тұлғалар дархандығын сауапты істері арқылы танытып-ақ жүр. Қарапайым халықтың тілек-мүддесін ескеріп, жоғын түгендеп, барын бағалай білетін жомарт жандардың арқасында әлеуметтің де әлеуеті көтеріліп келеді. Сондай мүбәрәк мінезді, кең пейілді азаматтардың атын күллі Қазақстанға таныту мақсатында Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» және «100 жаңа есім» жобасын ұсынып, кемел бастама көтерді.
«Ортақ өгізден оңаша бұзау» деген тәмсілден ада, қолы ашық, «атымтай жомарттардан» біздің де аудан кенде емес. «Бөрік кигеннің намысы бір» демекші өңіріміздің қалталы азаматтары мұқтаж жандардан көмегін аямай, үзіліссіз, үздіксіз жәрдемдесіп жүр. «Туған жер» бағдарламасының негізінде даярланған «Айдынды Алакөлім!» жобасы аясында ауданымыздың көркеюіне ат салысып жүргендер аяулы жандардың қарасы күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл Ұлт көшбасшысының мақаласының жүйелі түрде іске асып жатқандығының айғағы.
Елім дегенде емешегі езіліп, жерім дегенде жүрегі жібитін жандардың бірі –Бауыржан Оспанов. Ол — Алматы облысы мен Алакөл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының құрметті президенті, Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені, «Шапағат», «Алтын Жүрек» пен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалдарының иегері. Бұның барлығы — Бауыржан Кеңесбекұлының ерен еңбегі мен игілікті істерінің өтеуі.
Сардаңғол, Бейтті сай, Қармола, Қайыңды, Қарқаралы, Тамшылы тауларын бөктерлей құлашын жайған, хұсни табиғатты Жыланды ауылының тумасы Бауыржан ағамыз елдің ахуалының көтерілуіне барынша жағдай жасап, тұрғындардың берекелі тірлікке деген ұмтылыстарын қамшылай түсті. Зерек зейіні мен озан қабілетінің арқасында толағай табыстарға кенеліп, ҚР экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлесін қосуда. 2002 жылы Жыланды ауылында 130 орындық Алла үйін салып, жамағаттың риясыз ризашылығына бөленді. Жас өрендер үшін спорт кешенін,мектеп-интернат, балаларға арналған саябақ пен кинотеатрдың бой көтеруіне мұрындық болып, олардың бос уақытын тиімді пайдалануын басты мақсаты етті. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін ұлағатты сөзді өмірінің темірқазығына айналдырған ағамыз болашақ жастардың қолында екенін терең түсініп, алдымен солардың қамын қарастыруда. Жыланды ауылдық округіндегі оқу ордасының педагогикалық құрамын, материалды-техникалық базасын жетілдіріп, жаратылыстану бағытында дарынды оқушыларды дайындайтын мектеп-лицейдің сырттан келген он ұстазынажалақыдан бөлек қосымша еңбекақы төлеп, әрқайсысынына баспана тұрғызды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 ізгі ісі» эстафетасы аясында аз қамтылған оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, республикалық «Мектепке жол» акциясы негізінде мектеп ұжымы мен білімгерлеріне 5 млн. теңгеге жуық қаражат бөлген.Физика-математика бағытындағы дарынды балалар арасында жыл сайын өтетін облыстық олимпиаданың ұйымдастырылуына демеушілік етіп отырған Б.Оспанов білімнің салтанат құруын алдынғы қатарға қоюда.
Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатындарет-ретімен түрлі салада қызмет атқаратын орындардың бой көтеруіне де ықпал етіп, тігін цехын, бал және майбұршақ зауытын іске қосты.Соңғы он жыл ішінде асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығының қарқынды дамуына баса назар аударып, етті, сүтті бағыттағы Зеңгі баба түлігінің санын еселеуде.
Лепсі ауылдық округінде ашқан спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты толықтай өз қаражатымен қамтамасыз етіп, заман талабына сай жаттығу құралдары мен білікті бапкерлерді алдырды. Аталмыш мекемеде «Жетісу жұлдыздары», «Қазақ батырлары» тақырыбындағы республикалық байқаулардың жалауын желбіретіп, бұл додалардың жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп отыратындығын жеткізді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған мемориалды кешен ашып, ескерткішке Жыланды ауылдық округінен майданға аттанған 1000-ға жуық жауынгердің есімін жаздырды. Ұлтымыздың мәдени құндылықтарын бағалай білген мецанат-жерлесіміз жақында Есім төре кесенесін жаңғыртып, қайта тұрғызды.
Наурыз мейрамының қарсаңында әскери бөлімдерге он теледидар тарту етсе, жаңа орталық мешіттің салтанатты ашылуында ауданның бас имамы Ә.Молдахметовқа автакөліктің кілтін ұстатты.
Жыл сайын Ойжайлау төрінде ат спорты түрлерінен дүбірлі дода өткізуді әдетке айналдырған азамат ұлттық ойындарымызды ұлықтауды да естен шығармаған. Республиканың түкпір-түкпірінен келген шабандоздар мен шаң жұтып көрмеген тұлпарлар топты көрсе тыпыршып тыныш отыра алмайтын атсүйер қауымның делебесін қоздырып, ұмытылмас думан сыйлайтыны анық.
Бүгінгі таңда «ZHERSU» корпорациясының төрағасы атағын иемденіп отырғанымен, ағамыз қолына алтын қасық ұстап туған емес. Бизнестің барлық биігін өз күш-жігерінің, ақыл-парасатының арқасында бағындырып, зерек зейіні мен ұтқыр ойы қазіргі жетістіктеріне жетуге ықпал еткен. Мансапты мақсаттұтпағаналакөлдік текті тұлға тайып бара жатқандарға таяныш болып, қанатымен су сепкен қарлығаштай қарапайым халықтың өмірін оңтайландыру мақсатында барын салуда. Мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарымыздағы қадамымыздың қарымды болуы тікелей елім, жерім дегеназаматтарға байланысты. Ұлы дала елінің ұлағатты тәрбиесімен сусындаған, өңірін рухани жаңғыртқан осындай парасатты тұлғаларымыздың жақсылығын айтып, нұрын тасыта берейік.
А.ЕСЕНБЕКОВ.