Іске сәт, жастар

Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның  жанды бейнесі. Оларды білім жолына салып, түзу бағыттан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату басты парызымыз. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың кенен бастамасының арқасында 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланып, жұмыс та басталды. Ал іске сәт, жас қазақстандықтар.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар форумында Мемлекет басшысы «Жастар жылын» ашық деп жариялап, өз сөзінде кеінгі толқын өкілдерінің өмірін оңтайландыру бойынша атқарылған, атқарыатын жұмыстарды жіпке тізіп шықты. Бұл арнайы атау берілген жылдың иығына түсер басты міндет болып отыр.

Мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салады. Қазіргі таңда Елбасымыз дәл осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін өзгермейтін темірқазығы табанды еңбек екенін, Мәңгілік Елдің ең басты сипаттарының бірі ғылым мен білім екенін ескерсек осы бағытта атқарылу тиіс ауқымды шараларды қайта пысықтап, жаңғыру сүзгісінен өткізген абзал. Себебі жастар жаңашылдыққа ұмтылады, өзіндік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тырысады. Жас адамдар жаңа заманның сұранысына жылдам бейімделеді. Соныдықтан «Жастар жылында» жастарға ұсынылатын жаңашылдықтар мен мүмкіндіктерді толықтай пайдаланған жөн.

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Оған Қазақстанда айрықша назар аударылады. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев қазіргі толқынға үлкен үміт артады.Сондықтан ел болу жолында кейінгі буын өкілдерін ұлттық тәрбиеге баулып өсірудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыда сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қосып, жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұрпақ тәрбиелеу – тұтас қоғам алдындағы ортақ міндет. Кейінгі жылдары жастар саясаты ауқымында жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы – аталмыш қолдаудың бір көрінісі.

Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп бекіткеннен кейін мақсат, міндеттер аясы да кеңеймек. Сондықтан саннан сапаға ауысу, білім деңгейін көтеру, олардың тың идеяларына кеңінен қолдау көрсетіп, талапты әрі табанды жастар ғана жасампаз болашақтың жемісін көреді деген идеология қалыптастыру басты приоритет болуы тиіс. Сонда ғана «Жастар жылы» алғашқы күннен-ақ өзінің тиімділігін көрсетпек. Ол үшін жастардың еңбек араласуына, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына мемлекет тарапынан бүгінгіден де артық көңіл бөлінгіні жөн. Жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, кәсіпкерлікке баулу және жұмыспен қамтуға, жалын иелеріне арналған ресурстық орталықтардың қызметі мен бағыттарына, таланттылар мен дарындыларға қолдау көрсетуге аса ыждағаттылықпен қарау керек. Осы міндеттер үдесінен шыға білсек кемел келешекке қарай қарымды қадамдар істемекпіз.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: