Әйел теңдігі – әлемдік мәселе



Қоғамдық қалыптасу үрдісіне үңіліп, қарт тарихтың қойнауына бір назар салсақ жалпылама әлемдік прогреске, соның ішінде ел болып түзілу барысына ерлердің қосқан үлесі басым дегенімізбен, нәзік жандылардың да айтулы істерде айрықша орын алатынын аңғарасыз. Осыдан тамыр тартсақ, даму даңғылымыздың даралық пен даналыққа толы болуына әйел азаматтар да ерекше белсенділік танытқан. Оған өнегелі өткеніміздің өзі толықтай куәлік ете алады.
Дәуір дидары өзгерген кезеңде адамзатты алға сүйреу процессіндегі ауыр салмақ ер мен әйелдің иығына бірдей түсіп тұр. Кезіндегі кер-тартпа саясаттың салқыны кей азаматтардың санасында әлі де әңгір таяқ ойнатып, әйелдің орны асхана мен ошақ қасында дегенге тірейді. Алайда, қолынан іс келер нәзік жандының нағыз жұмысқа араласуына ешкім де кедергі келтіруіне құқы жоқ. Себебі, зайырлы елдің заңнамалық принциптерінде барлығына да тең мүмкіндік берілген. Жыныстық ерекшеліктер ескерілмейтін заманда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпасақ жөн.
Қай саланы алсаңыз да әйелдің көркем қолымен көркейіп кетері жасырын емес. Ақылға салсаңыз, табиғи айырмашылықтардан құрыш құйып, тау-кен ақтарып, жер төңкеріп жан беретін жұмыстарда қыз баласының саны некен-саяқ. Керісінше, ұлттық мүддеге көзделген ұрпақ тәрбиесінде, денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік маңызды міндеттерді атқаруда арулардың үлес салмағы орасан. Бұл – табиғи құбылыс.
Ана – ел қомқоршысы, перзентінің темірқазық жұлдызы. Ұрпақтың тәрбиешісі, ұлттың тірегі. Яғни, кез келген мамандықта гендерлік теңдік түсінігінің болуы құба құп.
Тарих парақтарын бір ақтарсақ, құрлығы бөлекте жатқан АҚШ-та сонау 1920 жылғы тамыздың 26-ыншы жұлдызында Конституциясына өзгерістр енгізіліп, әйелдер де дауыс беру құқығына ие болды. Араға жарты ғасыр салған соң саясаткер, заңгер, жазушы, қоғам қайраткері ретінде танылған Белла Абзуг есімді нәзік жандының бастамасымен дәл осы дата «Әйел теңдігі» күні болып бекітілді. Мінекей, әйел затының әлемдік деңгейде құқығының көтерілуі осы сәттен түңлігін түрген. Сол уақыттан бері дүниежүзінде бұл идея идиологияның ажырамас бөлігіне айналып, жаһандық саясатта бетбұрыс жасады.
Гендерлік теңдік – заман талабы. Бұл бастама адам құқықтарын қорғау мен қоғамдық қалыптасуда үлкен рөл атқарады. Жер шарын шаңырақ қылған халықтың тең жарымын әйел заты құрағанымен, бұқара арасында тепе-теңдік тұғырын толыққанды тіктеу үшін әлі де талай шыңдарды бағындыру қажет. Себебі, гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыруда атқарар шаруа шаш-етектен.
Әйел теңдігі мәселесі бізде ғана емес, әлемдік деңгейде көтеріліп жүргеніне қанша уақыт. БҰҰ Бас ассамблеясы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, әйелдерге арналған алғашқы дүниежүзілік конференция өтті. Сөйтіп, конференцияның қатаң сұраныстарынан кейін 1976-1985 жылдар аралығы «Әйелдер онжылдығы» деп мақұлданды. Содан БҰҰ-ға мүше 187-ден аса мемлекет нәзік жандыларға қатысқы қандайда бір кемсітушіліктер мен құқықтық кемшіліктердің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны қабылдады. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Ескере кететіні, біздің де Ата заңымызда жынысына қарап кемсітуге тыйым салынады. Соңғы 17 жылдың ішінде аталған бағытта бірқатар стратегиялар мен тиісті заңдар жиынтығы қабылданды. Тізбектей кетсек, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң тұғырын көтерді. Сонымен қатар, 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Таразы басындаға гендрлік тепе-теңдік, адам капиталын дамыту, отбасы құндылғын нығайтыға негізделген ілкімді істер мәселе мінберінен түспегенімен, әлі де қоғамда бұл тақырыптың шешімі толық тарқатылмаған.
Бір қуантарлығы, жабулы қазанның қақпағы сәл болса да ашылуда. Қазіргі таңда жоғарғы шешім қабылдау жұмыстарында әйелдер де лауазымдық орындарда отыр. Олар Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңесте, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлік әкімдердің орынбасарлары сынды жауапты жүкті арқалауда. Осыдан 4 жыл бұрынғы дерекке сүйенсек сол уақытта мемлекеттік қызметшілердің 55,4 пайызы, бысшылық қызметтің 39,8 пайызы әйелдер үлесінде болған. Қазір бұл көрсеткіш артпаса, кеміген жоқ.
Ақпарат айқайлап тұрғанымен, жеме жемге келгенде кей әпенділердің бұл саясатқа керағар пікір айтып, қоғамды бөле-жаратыны кездеседі. «Ердің ісі, еркектің жолы» деп екшеп алу ескінің еншісінде қалған дүние деп білемін. Қазіргі қымқуыт заманда мемлекетті қалыптастыруда, отбасы құндылығын сақтауда да ерлермен қатар әйелдердің де құқығын тең, тұғыры бір деңгейде. Біз осы үрдіске үйреніп, гендерлік теңдік саясатын кейінге шегермеуіміз керек.
Отан – отбасынан басталады. Яғни, жанұяны кішігірім мемлекет ретінде қарастырсақ, оның дамуы, өсуі мен өнуі, әлеуметтік жағдайының көтерілуі – әке-шешенің тең парызы мен міндеттеріне сабақтасып жатыр. Екеуінің біреуі болмаған жағдайда бір тіреуі сынған орындықтай шалқаяқтап, құлап кетуі де ықтимал. Әкелік бекзат тәрбие, сабырлық пен төзімділік, түзде жүріп бала-шағасына нәпақа табуы, өжетілік, аналық нұрлы сезім, ақ сүтінен даритын тәлім, тал бесіктен берер тағылым, ұлағаттылық пен іңкәр махаббат – отбасын ыдыратпай, береке-бірлікті сақтайтын құрал. Демек, екеуінің де теңдігі бір.
Жанұядағы жылылық пен жарасымдылықты сақтауда Ана мен Әкенің рөлі қандай маңызда болса, ел болып еңсе көтеруімізде де Ер мен Әйелдің орны сондай дәрежеде.


Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: