Тамыз кеңесі – өткен оқу жылын қорытындылап, жіберілген кемшіліктерді саралайтын, жаңа оқу жылының мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын, білім саласындағы жаңалықтарды жария ететін, үздіктерді марапаттайтын жауапты жиын.
26 тамызда З. Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде аудан педагогтары бас қосты.Тамыз кеңесінің павилон-көрмесі заман сұранысы мен талабын қанағаттандырғандай. ІТ технологиялар және пиларист арқылы мектептердегі, қосымша білім беру ұйымдарындағы, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі жаңашылдықтар мен жетістіктер, сонымен қатар Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша ауданымыздағы тарихи орындар жайындағы виртуалды саяхат назарға ұсынылды. Үшарал қалалық №1, Ушинский орта мектептері мен Жыланды мектеп-лицейінің ғылыми жаңалықтары аса зор қызығушылық тудырды. Павилан-көрмедегі тың дүниелердің онлайн арқылы үлкен залға жиналған ұстаздар қауымына көрсетіліп отыруыбиылғы Тамыз кеңесінің тағы бір тың жаңалығы ретінде тіркелді.
Өңір ұстаздарының басын қосқан алқалы жиынды аудан әкімінің орынбасары А. Абдинов ашып, жүргізді. Бірінші кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымының тізгінін қолына алған М .Төлеужанов «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты баяндамасын оқыды. Мұнда өткен оқу жылындағы білім сапасы, күрделі жөндеу, жылыту маусымы, жаңартылған білім бағдарламасы, критериалды бағалау, жаңартылған білім бағдарламасының жаңалықтары, оқулықпен қамтылу, компьютерлік және ақпараттық сауаттылық, үш тілде білім беру, дарынды балалармен жұмыс, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы, оқушылардың жазғы демалысы жайында ақпараттар беріп, мұғалімдерге ізгі тілегін жеткізді.
Үшарал қазақ гимназиясының, Қант зауыты мен М. Төлебаев атындағы орта мектептерінің және Балалар шығармашылық орталығының директорлары Қ. Құсайнова, Г. Енсенова, С. Садиева, Ә. Уәлиева, Үшарал қалалық №1 орта мектебінің мұғалімі Б. Темірбаева, «Таңжарық» балабақшасының меңгерушісі Л. Жананова баяндаманы талқылап, білім мазмұнын жаңарту, мұндағы басқарушылық, оқушылар бойындағы патриотизм мен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, қазақ тілінің базалық оқу-әдістемелік кешенін енгізудегі алғышқы нәтижелер, мектепке дейінгі оқу мен тәрбиенің үлгілік оқу бағдарламасын іске асырудағы жаңа тәсілдер туралы сөз қозғады.
Тамыз кеңесінің жұмысын жоғары бағалаған аудан әкімінің орынбасары А. Абдинов ұстаздар қауымын жаңашылдыққа ұмтылып, шығармашылықпен еңбек етуге шақырып, жаңа оқу жылына толағай табыстар тілеп, жетістікке жеткен мұғалімдерді марапаттады.
Ж.Нүсіпова.