*Көкейкесті Қазақ көбеймей, көгермейді

Қыз-қырқын кіндігін кіндік шешесіне де көрсетпейтін заман бар-тұғын. Ол кездеұят бар еді, әуретті жерді жаба алатын алақаннан да ада емес едік. Тізесі байқалған қыздың өзі көрінбей қалатын тәмсілді түсіндірмесе де түйсіктері сезетін-ді. Ал, қазір ше? Әу бастағы әдептен қазақы санамыз түгесілгенін байқадық. Ықылым заманнан бері тарам-тарам тораптардан адаспай келе жатқан дәстүрімізді жоққа шығарып, тәлімді тәрбиеден дім татпаған әпке-қарындастарымыз ел атағын «атың шықпаса, жер өртеге» әкеліп тіреді. Соның бір көрінісі, бүгінгі таңда Қазақстан жасанды түсік жасауда алдыңғы орындардың біріне жайғасуы.

Бұл тұрпайы қылыққа қазір таңданатын пенде кемде-кем. Үйреншікті үрдіс ел тұрмысымен біте-қайнасып, бітімсіз жауға айналды. Қазақы тәмсілге салсақ, қыздан кеткен қылықтың, ұлдан безген ұяттың кесірінен безбүйрек әке, тасбауыр ана, тастанды бала көбейді. Шаранасын шеттеткен шеше сымақтылар мұнысын әлеуметтік жағдаймен байланыстырады. Үйдің жоқтығы, күйдің жоқтығын сылтау қылып, ақталмақ іспетті. Ал бұндай қадамға бармас бұрын ақ пен қараны таразы басына тастап, жөн мен жөнсізді саралап алу қиындық тудырды ма екен? Айналайындар-ау, миллиардтаған адам баласы мен миллиондаған аң-құсқа қамқор болып отырған Алланың құдіреті бір сәбиді асырауға шамасы жетпес деймісіздер? Бұл – қате, ұшқары пікір. «Бір қозы туса – бір бетеге артық өседі» дегенді ескерсек, әр сәбі өз несібесімен келетіні жасырын емес. .

Жасанды түсік жасағандарды заң жүзінде жазаласақ… Діттеген мақсатымызға жеткізер ме?

Алғашында аборт жасауға Португалия, Польша сынды католик елдерінде, Скандинав түбегіндегі халықтарда, АҚШ-тың кейбір штаттарында тыйым салынған. Келелі істі Мексика, Бангладеш, Индонезия жұртшылығы жалғастырып әкетті. Бірер жыл бұрын Абхазияда бұдан былай жасанды түсік тастағандарды заңмен жазаланатыны жайлы құжатқа қол қойды. Ғибрат алар жайт. Осындай заңды бізге де енгізсек, мәселенің шешімін табамыз ба, әлде ушықтырып аламыз ба? Қалай ойлайсыздар?

Қазақстанда заң жоқ емес, бар. Біздің елде баласын тастаған ана 100 АЕК- ге (1 АЕК – 2121???теңге) дейін айыппұл төлеп, қоғамдық жұмыстарға тартылып яки бір жылға бас бостандығынан айырылады. Біздіңше, безбүйрек аналарға бұл аздық етеді. Бәрі қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, жеме жеңге келгенде іс көңіл көншітпейді. Осы бап (Қылмыстық кодекс. 117 бап. 1.2 тармақтар.) бойынша қылмыстық іс қозғалып, «пәленше сотталыпты» дегенді естімеппіз.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ұлттың ұпайы – оның санында. Бір кездері озық елдердің тозығын санамызғатез сіңіріп алғанымыз сондай, бұл күнде түсіктен де түршікпейтін халге жеттік.

Осы зобалаңның зардабы жайында тарих беттерін ақтарып зерделеп көрейік. Қазақстан ел болып, еншісін алғалы бері 3 миллионнан астам бала аборттың құрбаны болып, ана құрсағынан өзге жылылық көрмей кетіпті. 3 млн ұрпағымызды өз қолымызбен шетінеттік. 1991 жылдары халық саны 16 млн-ға жетеқабыл болғанын ескерсек, осынша жылдың ішінде екі миллионның айналасында ғана көбеюіміз ұлтымызға сын секілді. Статистикаға сенсек, жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалатын көрінеді. Бұл – 100 пайыз көрсеткіштің 80 пайызын құрайды деген сөз. Аборт істететіндердің 83%-ы отбасылы әйелдер, қалғаны 15-19 жас аралығындағы жәутеңкөз бойжеткендеріміз. Егер, уақыт сахнасына көз жіберсек, ХХ ғасырдың 50-60 жылдары қазақтың өсімі күрт өскенін көреміз. Сол заматтағы жаппай дәстүрге айналған отбасында 10-ға, тіпті кейде 13-15 ке дейін  ұрпақ өрбітуді хош көрген әз ана дағдысы бірте-бірте тарих қойнауына еніп барады. Ол кезде ауылда тұрып 5-6 бала ғана өмірге әкелгендерге өзгелер тосырқай қарайтын. 2000 жылдардан бастап көшелерде «2000 теңгеге аборт», «Бізде абортқа жеңілдіктер» деген жарнамалар пайда болып, бұліс еріккенің ермегіне айналып кетті. Бұлқай сасқанымыз? Ұрпағымыздың құнын екі мыңға бағалап жетіскен екенбіз. БҰҰ-ның есебі бойынша  біз қартайып бара жатқан елдер қатарына жататын көрінеміз. Себебі жұрттың дені отыздан асып, қырықты алқымдап қалған азаматтар. 15-19 жас аралығындағы қарындастарымыз жылына жиырма мың түсік жасатып, оның кемінде 20%  ананың өліміне әкеліп соғады. Бұл тек ресми тіркелген дерек. Тіркелмегенін есептей беріңіз…

Ал енді, бұл зардапты ғылыми түрде сараптап көрелік. Түсіктің бір сұмдығы, туылмаған балатуылған сәби секілді ауырсынуды жеті аптасынан бастап сезінеді. Бұл ғылымда дәлелденген. Он үш аптада денесін ауыртқан заттан қашуға тырысады. Американдық түсік жасағыш дәрігер Б.Натансон он екі апталық балаға жасалған абортты УЗИ арқылы кинофильм етіп түсірген. Түсік кезінде бала пышақтан қашып құтылуға тырысып, жүрек қағысы екі есеге жиілеп, торға түскен торғайдай бұлқынғанымен, сорғыш-аппарат шақалақтың денесін ұстап алып, бөлшектей бастайды. Сол мезетте ауызы шыңғырған адамдікіндей қаттыашылып, тырнақтай болса да тіршілік иесінің өмір үшін күресі көрінеді. Оның үнін, әрине, ешкім естімейді… Фильм – «Үнсіз шырқырау» деген атқа ие болды.

Бұл кесапаттың тағы бір шарықтау шегі тұзды түсік. Ана құрсағына инемен тұзды су жіберіледі. Сәби сол суды жұтып, сонымен тыныс алады. Терісі тұздан іріп, пенде перзенті шыдамас азапты күй кешіп, іші мен сырты түгел күйіп-жанып, бір күндегендеақырын жан тәсілім етеді. Жоспар бойынша әйел шаранасын ертеңгі күні өлі күйінде дүниеге әкеледі. Бұл тек бір түрі. Осымен аяқталса бір сәрі. Түсік жасаған қыздардың 25% мүгедек бала өмірге әкеліп, 20% ана ота үстелінде жан тапсырса, 35% қарындастарымызға обалды істері кезекті сәбиін көтермеуіне алып келуі кәдік. Біреуінен құтыламын деп өмірлерін түбегейлі құртулары да ғажап емес.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе оның жазасы тозақта мәңгі қалу. Алла оған қатты қаһарланып, лағынет айтып және үлкен азап тағайындайды (Ниса сүресі, 93 аят)»,- делінген. Шариғатта үзірсіз бала алдыру харам деп есептеліп, қатаң түрде тыйым салынған. Бір бергенінің бетін қақсақ, келесі ретте «перзент» атты ризықтарымыздан айыруы да заңды болар.

Екі аяқты азса, төрт аяқтыдан бетер асып кететіні жасырын емес. Бұл ретте Қазақ санының өспеуінің тамырын қуаласақ жоғарыда аталған мәселеге келіп тірелеміз. Жарғақ құлақтарын жастыққа тигізбей талай атқамінерлеріміз осы түйіткілдің түбіне жету жолында алашапқын болып жүр. Әйдік болған тақырыптың тарқатылымын қайтып табамыз деп сан-мыңдаған отырыс өткізу, уақыт өлтіру. Шөпті қалай орамыз деп бас қосқаннан гөрі, жиналғандардың cоны орып тастағандары жөн емес пе? «Қалай, Қалай?»,- деп отыра бергеннен опа таппасымыз анық екенін ескеріп, қатаң жаза мен салмақты сұрауды талап етеін арнайы заң қарастырып, бұны мемлекеттік дәрежедегі өзекті мәселелердің көш басына қойған абзал. Айналамызға зер салсақ екі алпауыт державаның ортасын бөліп отырған Қазақстанның халық саны олардың бір қаласында тірлік кешетін адамдар санымен тең. Жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы орынға жайғасқан еліміз өзінің ұлан-ғайыр атырабын сақтап қалу үшін санын еселеуі қажеттігі алдыңғ қатарға көтеріледі. Он сегіз миллион… Көрші жатқан Қытайдың екі ауылын алсақ бір Қазақстан шығар.

Сонымен қатар қазіргі заматта екі-үш баланы дүниеге әкеліп, одан артығын тууды ерсі көретіндердің қатары көп. Мейлі, олар түсік жасап, берген ризықтарынан қасақана бас тарпаса да, санаулы бала ғана өсіріп, мемлекет құрылысына қажетті адами байлықты дамытуға шет қойып отыр. Оның өзі бір қылмыс.

Елестетіп көріңізші… Қартайған шағыңыз, айналаңызда қаптаған бүлдіршіндер. Бірі шалбарыңызды тартып, мазаңызды кетірсе, екіншісі шашыңызбен алысып әлек. Үшіншісі тіпті мойныңызға асылып, тәтті дауыстарымен «әже», «ата» деп, құшақтауға құмар. Одан бөлек тағы бірнешеуі көз алдыңызда алысып, ойыншықтарға таласуда. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенге атшалдырсақ, баланың көптігі емес, жоқтығынан асқан қиянат таппассыз.Тәуіп пен емші аралап, ел кезіп, бір перзентке зар болған қатарластарыңызға қараңызшы. Күні-түні Тәңірден тілейтіндері «бала», сұрайтындары «бала», жылайтындары «бала». Олар үшін бақыт байлық пен мансапқа неігзделген мағынасыз тірлік емес, құшарлана иіскеп, құмарын басқанша құшақтайтын сәби. Одан артығы керек те емес. Осы ретте құрсағына біткен қуанышын ажал азуына іліп, азапқа салатын аналарды түсініп болмайсыз.

Не керек, бұл тақырыптың талқылауға енгеніне біраз жылдың жүзі болды. Бас ауыртқан бұқара жоқ. Таяқтың ұшы өздеріне тимеген соң жайбарақат жатыр. Бірақ «бақаға туған күн, бұзауға да туарын» ескерсек, алдын ала қамданған жөн екенін аңғарамыз. Ол үшін ең алдымен тәрбиені ақсатпаған абзал. Тал бесіктен талмай бағып, ұл-қыздарымыздың бойына тектілікті сіңіре білуіміз керек. «Жастай берген тәрбие, жас қайыңды игендей» демекші, оң, солын аңғарып болмайтын алаңсыз балғын күндерден бастап жөн мен жөнсізді үйрету алдымен ата-ананың, кейіннен балабақшалар мен мектептердің, артынша қоғамның мойнына артылады. Алайда ұлы жол үйіміздің табалдырығынан басталатынын бағамдасақ, тәрбиенің тірегі қасыңдағы ананың ақылы мен әкенің өсиетінен нәр алмақ. Сондықтан қолымызды мезгілінен кеш сермемей, дер кезінде қимылдасақ, бүгінгі беделіңіз, ертеңгі абыройыңыз және ұрпағыңызды болашағы баянды болмақ.

Бізге керегі «Түсік» түсінігінен ада арда жұрттың дәстүрін жалғастыру. Қазақ көбеймей, көгермейтінін қапелімізден қалт жібермейік.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: