(Ата салтты аттамашы қарындас)
– Анашым, секемшіл сәбиің бір сорақылықтың салқынын сезгендей. Әлдебір қауіпті істің сізді қобалжытып отырғанына күмәнім жоқ. Жанарыңыздан тамған моншақжастарыңыздың төмен сырғанап, езуіңізді түрткілеп жатқанын жүрегім аңғаруда. Бұл қуаныш жасынан мүлдем ерек. Сіздің жабырқауыңызға жауапты менмін бе? Құтты құрсағыңыздан аттап шыға сала, іңгәләмастан бұрын, пенденің перзетіне бергісіз іңкәр сезіммен сізді құмарлана құшар едім. Анашым, неге дәрігер «бала алдыру» жайлы суық хабарды сізге айтып отыр. Жо-о-қ, анашым, мен сізді жақсы көремін ғой!
Тағдырдың кезекті құрбаны. Әлде ауызынан мәйегі айырылмаған жас көңілдің жауапкершіліксіз қателігі дейін бе? Тағы бір сәби анасын сүйген қалпы, о дүниенің қақпасының сыртына «Кешір, құлыным» делінген хатпен тасталып кетілді. Перзеттің кінәсі неде? Жалған дүниенің жарты минутта жарығын көре алмай кеткен бұл сәби, періштесі жазып, перісі азғырған пенделердің уақытша ләззатының құрбаны атанды. Айып анадан ба, әлде әкеден бе? Жоқ, бар жауапкершілік қоғамда. Ұлымыз сүрінбей, қызымыз бүлінбей жатып, тас байланған түйіннің тарқатылымын таппауымыздың салдары осы. Енді,кеш. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, аз ғана уақыт ана жатырынан өзге жылылық көрмеген сәби үшін бәрі де кеш.
«Елде бар ерінге тиеді» дейді ғой. Ендеше осындай озбырлықтың отына түсуге нендей жағдай мәжбүр етеді. Саралап көрелік.
Ақ уыз шағында айналасындағы ашық-шашыққа еліктеп, қазақы қасиеттен ада болған аруларымыздың қысқа етегіне балалығы да жармасып кететіні жасырын емес. Анасының сүті ауызынан кеппеген аңқау көңіл қыздардың бақайларынан қаққан бұл кесапат олардың балғын күндерін де қысқа етері сөзсіз.
Үндемеске лаж жоқ. Абзалы, кейбір ағаларымыздың байбаламға салынып,тарқатпасының табылуы қиын түйіннің бір ұшын тілмен, ал келесі жағын тіспен тартқылап байыз таппаулары да жөн шығар. Себебі қызының арын қорғаған ел, түбінде бәрін де қорғай аладыдеген түсінік санамызға сіңісті болған ғой. Алайда бұл бірлі-жарым кісілердің ғана емес, бүкіл әлеумет болып бірігіп талқыға салатын көкейкесті мәселе екендігін түсінсек бір ғанибет болар еді. «Көп тебінсе – жер де сілкінеді» демекші, аяқсыз қалғаны тек әрекет етуіміз ғана.
Тобықтан төмен салбыраған көйлек, қолаң шашты толық жасырған орамал, саусаққа дейін созылған жең. Әдемі емес пе? Шариғат шәлісінің шешелеріміздің шашынан түспеуі ол көненің қалдығы емес, тегіндегі тектілік, қанындағы қазақы салт-сана. Бұлай киінген қыздарға тиісу былай тұрсын, тура қараудан арланатын аталарымыз. Бар себеп қыздың да, ұлдың да ұстамды болуы мен ұқыпты тәрбие көруінде.
Ал қазір не байқап жүрміз? Күнмен таласа жарқырыған аппақ сан, кеудесі жалаңаш, басынан орамал тұрмақ менмұндалап тұрған төсін жабатын сүйемдей сетен таба алмай жүрген қыз-келіншектерімізге сүрініп жығыламыз. Ерсі қылық еңіретпей қоймайтынын ескерсек, модаға еліктеп, моладағы азаптың сұрауын ұмытқан олардың ертеңі не болмақ екен?Діни түсінікпен тәпсірлесек, қабірде періштелер сұрақтың астынан алғанда, сол қысқа етегіңіз ет пісірім уақытқа болса да азаптан аман алып қала ма? Әй, қайдан!
«Есті қыз етегін қымтап жүреді»,- деп әр әжіміне бір даналық жасырынған әз әжелеріміз қайталап отырушы еді. Тоң топыраққа тоғытылған тарам-тарам тарихты таразылап қарар болсақ, тізе тұрмақ тобықтан көтерілмеген көйлектен азап шеккен нәзік жандылар мүлдем жоқ. Керісінше, сол ұзындық, бақытты ұзақ өмірге, ұл-қызының ұстамды болуына тікелей себепкер болып отырған.
Алламыз еркекті топырақтан, әйелді қабырғадан жаратқаны бәрімізге аян. Ал қабырға ол – ет. Енді ойланып қараңыздаршы, қайсысы бұрын бұзылады. Сол себепті де әйелді қорғап, қымтап сақтаудың да маңызы орасан зор. Бетіне бес батпан опа-далабын жағып, Тәңірден бұйырған қасын түгелдей қырып, ана атанған шағында сәбиінің азығына айналар көкірегін көйлек сыртына төңкере төгіп, бір қарыс шүперекті мықынына байлап алу сұлулық па? Бұл Құдайдың бермегенін қолдан жасау. Исламда айтылғандай әйел баласына үйінде не киседе рұқсат, тек сыртқа шыққанда әуретті жерлерін қымтап, еркектің көзі сұқтанбайтындай киінуі керек. Қызға қырық үйден тиым дегеніміз осы. Ал біздің қыз-келіншектеріміз тырнақшаның ішіндегі көркемдіктерін көшеде көрсетуге әуес. «Әй»,– дейтін адуынды әке, «Қой», – дейтін қазақы тәрбиенің түп қазығы ақ жаулықты аналарымыз қайда? Бәрі де келместің көлеңкесінде қалған сыңайлы. Сол сылқымдар «Тәттінің сұрауы – қатты» дегенге сәл мән берсе, мүмкін мағынасыз тірлікке бой алдырмас па еді?
«Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп бекер айтылмаса керек-ті. «Әғузубилләхи»,-десе орамалын іздеп кететін қыз-келіншектеріміз қымтанудан ада деуіміз де асыра сілтеушілік болар. Көпке топырақ шашып, құр күнәләнбай-ақ қоялық. Қазақтың қанына сіңген үрдіс ұмыт болмасы анық, алайда батысқа еліктеп басын жоғалтқан кей әпке-қарындастарымыздың сол қылығы «Қазақтың қызы» деген атаққа кір келтіріп жатқандығын қайтеміз?
Айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған атқамінерлеріміз бұл мәселенің түйінін табамыз дегеннен алашапқын болып, әбден азып-тозды. «Елдің қамын ойлайтын бір ер туса, оны қабатын итте бірге туады» деген рас екен. Барғанның балтасын, келгеннің кекпенін алып қоятын кейбір кісілеріміз қысқалықты ерсі көрмей, әлжуаз халықты айдап өргізіп, иіріп жусатқалы қашан. Кер тартпа кер заманның кесапаты дегеніміз осы шығар, мүмкін! Осының өзі-ақ бүкіл ұлтты аздыруға жетіп артылар еді. Сөйтсек, бұл – бергі көбік, сыртқы көрініс қана екен. Шын сұмдық тереңінде жатыр. Тәні жалаңаштанған қыздарымыздың ары да жалаңаштанатынын қаперімізден қалт жіберіп қойған секілдіміз.
Жарқыратып жалаңаш тәнін көрсету,әсіресе, бойжеткен қыздарға абырой әпермесі анық. Қазақ ондайларға «етегіңді ұзарт» демейді, «абыройыңды жап» дейді. Әуретті жерін қымтауға өрелері жетпеген аналар мен қыздарға не дейсің. Сондағы«алтын құрсақты» деп атақ теліген аналарымыздың тәрбиесінің ақсаңдауына не себеп? Тығырыққа тірейтіні де дәл осы.
Бұл бассыздықтың барысына бажайлап қарасақ, қазақтың өзінен емес, көк экраннан көрген көргенсіз кинолар мен бағдарламалардан екендігі хақ. Қай арнаға ауыстырмасаң да «Мода» деген жалған ұранмен тектілігін ұрлатып, сорақылыққа ұрынғандарды көрсетіп жатады. Бір қынжылтатыны «Еліктеу десе еліріп кететін» жастарымыз сол ерсілікке әуес. Тіпті өскелең ұрпаққа үлгі боларлық өзіміздің жұлдыздар да жыртық пен қысқаға оң көзқарас қалыптастырған. Бейнебаян емес, жалаңаш бейнесін түсіріп, әннің мәнін емес, әуретті жерлерін танытуға құмар-ақ. Сұмдығы сол, қазір, қыздарды былай қойғанда шашын бояп, құлағын тестіруді құп санайтын жігіттердің де қатары көбейіп барады. Бетін бояп, әтірге малынған олардың бұл қылығын ақыл-санасы жетіліп үлгермеген мектеп жасындағы кейінгі толқын өкілдері дәріптеп әлек. Қару асынып, ел қорғауға, бергісін айтқанда отбасының тірегі болуға тиісті еркек сымақтар ерінін қызартып, еркелікке салынуда. Алда-жалда жау жағадан алып, шекара шебін бұзса, оларға боянып, сыланып, сырға таққан серілеріміз тойтарыс бермек пе? Қыз ба, ұл ма ұғып болмайтын олардың бұл ісіне не дейсіз?Алайда еркек бұзылса бір адам, қыз бұзылса күллі мемлекет азатынын жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Қыздарымыздың обалы заманында емес, әке-шешесінде екендігін ұмыт қалдырмағнымыз абзал. Жалаңаш кеуде, жалаң бұт еркек құмарлығын арттырары сөзсіз. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық, таудан төңкерілген сең секілді, жолдағысының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтанда әйел затына ұзын киініп, әуретті жерлерін менмұндалатпай, қымтап жүруі абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды. Қыздарымыздың қысқа киініп, қол жетімді көрінуінің кесапаты мол екендігін ұғынатын уақытқа келдік, бірақ қозғалыссыз жатқанымыз, қай сасқанымыз?.
Тура айтып туғанына жақпайтын қазақ баласымыз. Шындық шымбайымызға батып, шырылдауымыз бекер емес. Қызымыздың етегін қысқартамыз деп еліміздің ертеңін қысқартып алудан сақтасын. Алайда сақтансаң ғана сақтайтыны белгілі. Тым болмаса жабылып жүріп, ерсі көріп, басынан шешіп алған орамалды етегіне жалғап берсек, сауапты істің бастамасы осы болар еді!
Түзеу үшін ұл-қыздың көзқарасын,
Әр ата-ана ойласын өз баласын.
Кіндігі ашық қызыңа жамау таппай,
Тойдан алған матаңа мәз боласың.
Тәлім бермей құр жүрсең сүйретіліп,
Ертең бекер қаласың күнде өкініп.
Көшедегі қызыңды үйге қайтар,
Бала тапсын демесең үйде отырып.
Қоймасаң да тойдырып жал-жаяңа,
Тәрбиеге келгенде барды аяма.
Өзің үлгі болмасаң анасы боп,
Қызың ертең болады қандай ана?!
А.ЕСЕНБЕКОВ.