️КӨКТУМАЛЫҚ ҰСТАЗДАР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев және өңірлік коалиция мүшесі Гүлнар Тойлыбаева Алакөл ауданы Көктума орта мектебінің ұжымымен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын жан-жақты түсіндірді.

⤵️Алғаш сөз алған Амангелді Есбай жаңа Конституция жобасының әрбір нормасы қоғамның сұранысы мен ұсынысы негізінде әзірленгенін айтты. Айтуынша, Жаңа Конституция бұл – болашаққа жасалған батыл әрі тарихи қадам.
– Конституция — тек негізгі құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Осы тұрғыда ұсынылып отырған өзгерістер билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты қысқартуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және нақты қоғамдық сұраныстарға бағдарлануға бағытталған. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған, — деді ол.

📎Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, Конституциялық реформа халықтың саяси процеске қатысуын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтуға мүмкіндік береді. Егер Парламенттің рөлі күшейіп, жергілікті өзін-өзі басқару дамыса, бұл демократиялық қағидаттардың тереңдеуіне әсер етеді.
– Жоба Конституция деңгейінде Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын бекітеді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық беру – адам капиталына сүйенетін заманауи мемлекеттің бағдарын айқындайды. Құжаттың өзегінде – адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі қарастырылған. Дәстүр, бірлік пен рухани құндылықтар қоғамның орнықты дамуының негізі ретінде айқындалған. Конституция жобасында мемлекеттің зайырлы сипаты, сонымен бірге некенің ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде танылуы нақтыланған. Бұл – отбасы институтын, әйелдердің құқықтарын және ұрпақтар сабақтастығын қорғауға бағытталған маңызды норма, — деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Мәліметпен бөлісу: