Тамыздың он екісінде жыл сайын дәстүрлі түрде халықаралық жастар күні аталып келеді. Осы айтулы мерекеге орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен Ақши ауылы, «Alakol resort» демалыс кешенінде жайдарман кеші өтті.
Мереке шымылдығын шипалы көлдің бойында демалуға келген белгілі әнші Айқын Төлепберген екі сағатқа созылған концертімен ашты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған туристер бұндай тосын сыйды күтпегендерін айтып, қуаныштарын жасыра алмады.
Екінші күні «Алакөл алаулары» тақырыбында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған Республикалық жайдарман ойындары өтіп, онда еліміздің әр аймағынан келген үздік 10 құрама бақ сынады.Көңілді тапқырлар кешін жайдарлы ойынныңел аумағында кең етек жаюына түрткі болып жүрген азамат Е.Елеукен ашып, жүргізді.Әдемі әзіл мен қағытпа қалжыңды жандарына серік еткен жастар үш сағат бойы көрермендерді күлкіге қарық қылып, көңілдерін көтере білді. Елбасымыздың биылғы мақаласында айтылған «Рухани жаңғыруды», қарапайым халықтың хал-ахуалын, саясат тақырыбын да көріністерінде көтере білген командалар жиналғандардың рахметіне де, қолдауына да барынша ие болды.
Әділқазылар алқаларының сапында болған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов, «Жетісу жастар ұйымының конгресі» ЖҚБ-нің төрағасы Ж.Қаратас, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Б.Жақсыкелдинов, блогер Н.Жанай және Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының орынбасары Ж.Оханов жайдарманшыларға әділ баға беруге тырысты. Сонымен ашық аспан астында өткен күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй кешіндегі төрешілердің шешімімен үшінші орын Алматы қаласынан келген «Том и Джерри» құрамасына бұйырды. Семейлік «Элемент» командасы бір саты жоғары орналасып, екінші орынды қанжығаларына байлады. Ал бас жүлдені елдің езуін жиғызбай, он минуттық көріністері он күндік күлкінің орнын толтырған Жетісай қаласының өнерпаздары, яғни «Сырдария» тобы тақымдарына бекем басты. Ұтқыр ой, астарлы әзіл ұсына білген «Том и Джерри» құрамасының белді ойыншысы Б.Түменбаев «Үздік ойыншы»атанса, «Тәтті құрама» командасының капитаны, жас актер М.Айқынұлы «Фестиваль жаңалығы» атағын еншіледі. Жүлделі орындарға ие болғандарға бағалы сыйлықтар табысталса, жарыс жеңімпаздары 150 мың теңгені қалталарына басты.
Әзіл-қалжың сайысының соңы алау басындағы әңгімелесуге ұласты. Қазақстан КТК одағының президенті Е.Елеукен жастарға түрлі сұрақтар қойып, отырыстың қызығына қызу қоса түсті.
Жастар – өзгерістерге тез бейімделетін, жаңа білімді жеңіл меңгеретін мемлекеттің ең белсенді және ұтқырбөлігі.Бүгінде олар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Өйткені, алдарында үлгі алар аға буын өкілдері бар. Болашақта Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өркениет көшінен лайықты орын алуына тың серпін сыйлайтындары хақ.Сондықтан, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Еліміздің болашағы — жастардың қолында»-, деп оларға үлкен сенім артады. Сол сенімнің ақталуы үшін қазақстандық жастар бар күш-жігерлерін сарп етеді деген үміттеміз.
А.ЕСЕНЕКОВ.