Көлбайдағы қос қуаныш

Өңір басшысы Ә.Жақанбаев Көлбай ауылдық округіне арнайы ат басын бұрып, екі жанұяға сый-сияпаттарын табыстап қайтты.

Атап айтсақ, тағдыр тәлкегіне орай аяғынан кемтар болып, жүріп-тұру бақытынан айырылған Б.Имансеріковаға автоматтандырылған мүгедектер арбашасын және азық-түлік себетін ұсынып, деннің саулығы мен бақытты ғұмыр тіледі.

Бұл сыйдан көзіне жас алған қуаныш иесі: «Мен секілді азаматтар жүрегінде иман, көңілінде жылылық бар өздеріңіздей адамдардың көмегіне зәру. Біз өздігімізбен жүре алмасақ та, жүрегіміз бен көңілімізде тұсау жоқ. Арманымыз асқақ, тілегіміз де толағай. Бұған дейін қол арбашамен қозғалып, көптеген қиындықтарға жолығатынмын. Енді міне бір-екі тетіктің арқасында жүреті керемет арбашаға ие болдым. Сіздерге алғысым шексіз»,- деп ағынан жарылды.

Аудан әкімі Ә.Жақанбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы С.Жабжанов өз кезектерінде қуаныш иесіне ақжарма тілектерін жеткізіп, алдағы уақытта да тиісті көмектер көрсетілетінін айтып өтті.

Бір қуантарлығы Көлбай ауылдық округінің әкімі Е.Шакеров осы жанұяның ауласына ауыз су кіргізіп, адамға ең қажетті осы тіршілік көзімен қамтамасыз етуге қолғабыс қылатынын және әкімдік пен ауыл азаматтары әлі де мүмкіндігінше тіреу болатынын тілге тиек етті.

Көлбайдағы қуаныш бұнымен аяқталмай, үш баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана М.Ибраеваға «Арқарлы-Майбүйрек» шаруа қожалығы атынан төрт бөлмелі баспана сыйға беріліп, осыған дейін пәтер жағалап жүрген жанұя қоныс тойын тойлады.

Округ әкімі Е.Шакеров баспаналы болған отбасыны құттықтап, аудан басшысының сыйлығын табыстаса, демеушлер тарапынан сөз алған демеушілер Махаббат ханым мен оның балаларына денсаулық пен бақыт тіледі.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Дүйсебаева Әжелің ақ ниетін жеткзсе, ауыл тұрғыны, кәсіпкер А.Зуева шашуын шашып, әулеті атынан арнайы сыяпатын тапсырды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: