
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің ашылуы өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Ұзындығы 1316 метрді құрайтын екі жолақты автомобиль көпірі Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Өскемен қаласымен байланыстырады. 
Көпірдің ашылуы бұрынғы паромдық қатынастың орнына тұрақты және қауіпсіз көлік байланысын қамтамасыз етті. Бұл өзгеріс аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттырып, көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, бұрын 500 шақырымға дейін айналма жол жүруге мәжбүр болған жүргізушілер енді көпір арқылы тікелей қатынауды пайдалана алады. 
Көпірдің құрылысында озық инженерлік технологиялар қолданылып, барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды. Қысқы кезеңде конструкцияны қорғау үшін тіректердің әрқайсысында арнайы мұзкескіштер орнатылған. Сонымен қатар, су бетінен көпірге дейінгі қашықтық 18 метрді құрайды, бұл навигация кезеңінде кемелердің көпірдің астынан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. 
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көпірде 102 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 62-сі көпірдің жоғарғы бөлігінде, 40-ы көпір асты аймағында орналасқан. Камералар онлайн режимде жұмыс істейді, бұл көпірдің жағдайын үнемі бақылауды қамтамасыз етеді. 
Жалпы, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ашылуы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етуде.
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Мұратова