Күзде адам папилломавирусына қарсы вакцинация басталады


2024 жылы адам папилломавирусына қарсы вакцина Ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілді. Бұл аурудан қорғаудың тиімді әдісі. Екпені Жетісу облысындағы 11-14 жасар 6000-ға жуық қыз балаға егу жоспарлануда. Шара осы жылдың күзінде басталмақ. Бұл туралы Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депаратаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова және облыстық көпсалалы клиника директорының орынбасары Гүлайым Оразбекова БАҚ өкілдерімен кездесуде баяндады.
«Еліміздегі жыл сайын осы жатыр мойны обырының жаңа жағдай тіркеліп отырады. Дүниежүзі бойынша бұл қатерлі ісік бойынша Қазақстан 5-ші орында тұр. Ал өлім бойынша күнделікті, статистикаға сүйенсек, республикамызда күнделікті бұл дерттен 2 әйел көз жұмады», – деді Жанета Нариманқызы.
Адам папилломавирусы жыныстық қатынас, тұрмыстық байланыс, терінің зақымдануы арқылы таралады. Сондай-ақ, адамның папилломавирусы эпиляция кезінде дененің бір аймағынан екіншісіне көшеді. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарда моншалар, спорт залдары, бассейндерге барғанда жеке гигиенаны сақтау керек. Жатыр мойны обырын емдеудің негізгі әдістері хирургиялық, сәулелік және химиотерапия. Бұл вирус түрлі ауруларға, бедеулікке әкелуі мүмкін. Вакцинаның арқасында ауруды жоюға болады, дейді мамандар.
«Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасын сатып алуды жоспарлап отыр. Вакцинация 2 кезеңде ата-аналардың келісімімен жүргізіледі, 2-ші доза 6 айдан кейін салынады. Ең тиімді қорғаныс вакцинация. Оны жүзеге асырған мемлекеттерде жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеді», – дейді Индира Кунбасова.
Облыстық көпсалалы клиника директоры орынбасарының айтуынша, осы жылдың 1 тоқсанының дерегі бойынша қатерлі ісікпен диспансерлік есепте 7000-нан астам пациент тұр. Олардың ішінде жатыр мойны обыры бойынша 557 әйел тіркелген.

Мәліметпен бөлісу: