Ала жаздай жердің төсінде тынымсыз тер төккен шаруалар еңбегінің нәтижесін көретін шақ туды.Өңіріміз бойынша күзгі жиын-терін жұмыстары басталып кеткелі де бірталай уақыт болды. Былтыр аудан бойынша 53309 гектар жерге егін егілсе, биыл оның саны 83288 – ге артты.
Бүгінгі күні дәнді дақылдардан арпа мен сұлы толықтай шабылып бітті. 22963 гектар жерге егілген арпадан 46614 тонна өнім алынса, 227 гектар сұлының өнімділігі 377 тоннаны құрап отыр. Ал күздік бидай әлі де шабылуда, 5326 гектардың 4360-ы жиналып, 17,0 ц /га өнім беріп үлгерген.
Майлы дақылдардан бүгінгі күні тек зығыр алқабына ғана орақ түсті. 567 гектарды алып жатқан дақылдың 324 – і шабылып үлгерген. Бұдан өзге 23740 гектарға қытай бұршағы, 9955 гектарға күнбағыс, 1673 гектарға мақсары себілген. Оның ішінде қытай бұршағынан 54602 тонна, күнбағыстан 8362 тонна, мақсарыдан 887 тонна өнім алынады деп күтілуде.
Сондай-ақ өңірімізде қызылша себу қарқыны жылдан-жылға артып келеді, былтыр 70 гектар алқапқа себілген тәтті түбірдің көлемі биыл 500 – ге дейін ұлғайып отыр. Шаруалар әр тоннадан 325 центнер өнім аламыз деп күтуде.
Әзірге аудандағы қолда бар техника жеткілікті. Алайда, науқанның қызған шағында комбайнның жетіспеушілігінен өнімін алғашқы қар түскенге дейін жинай алмай қалатын шаруа қожалықтары да бар. Осы мәселенің алдын алу мақсатында сырттан қосымша 9 комбайн әкелу жоспарланып отыр.
Г.Асенова.