
«Әке – асқар тау» деген сөзді үнемі естіп жатамыз. Сол тау тұлғалы әкелердің қазіргі заманда бала тәрбиесіне араласу мүмкіндігі мен қоғамдағы мәртебесіне көңіл бөлу қажеттілігі де туындап отыр. Себебі, қазақы тәрбиенің түп қазығы әке мен ананың тағылымымен тамырлас болып жатыр. Бұл ретте таразы басын тең ұстау мәселесі туындауда. Демек, ұрпағын ұлттық һәм адами тәрбиеге баулуыда әкелер қауымы да белсенді араласу қажет.
Осы ретте аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мемлекеттік тапсырысы негізінде «Алакөл экосистемасы» қоғамдық бірлестігнің ұйымдастыруымен отбасындағы әке рөлін айшықтау, әкелердің қоғамдағы мәртебесін көтеру, үлгілі отағаларыны ңөмірлік тәжірибелерімен бөлісу мақсатында аудандық орталық кітапханада «Жауапты әке болуды қалай ояту керек» атты дөңгелек үстел өтті.
Аталған шараға аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, белсенді және көпбалалы әкелер қатысты.
Шара шымылдығын ашқан аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б.Айтахметов өңірімізде әкелер институтын дамытуға бағытталған бастамалар және бағдарламалар туралы ақпарат берді.
«Алакөл экосистемасы» қоғамдық бірлестігнің басшысы К.Бектемисова жалпы адамзат баласының қалыптасу барысында әкелер қандай рөлде болды, қазақ қоғамындағы әкелерге деген құрмет жайлы сөз қозғады.
«Аманат» партитясы аудандық филиалының төрағасы Қ.Көкебаев өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы бала тәрбиесіндегі әкенің орны, жалпы ер кісілердің мемлекеттің дамуына, жанұя жарасымдылығын күшейтуге қосар үлес жайлы айтып өтті.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудындық мәслихат депутаттары Н.Ирмекеев пен Е.Бекпаев отбасын құрудан бастап, оны асырау, бала-шағаны жеткізу, тәрбие мен тағылымға байыту бағытында әкелердің міндеті жайында ой қорытты.
Аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ө.Қойшыманов екі ғасырдағы әкелердің рөлін салыстыра отырып, әке мәртебесін көтеруге ошақ басындағы аналардың қосар үлесі туралы, республикалық «Әкелер одағының» мүшесі, «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, көпбалалы әке А.Есенбеков қазіргі заманғы әкелер қандай болу керек деген бағытта ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ауданның арда азаматтары С.Қарабеков, М.Валиев, В.Игнатченко, Е.Артықбаев, А.Аханова, Ғ.Абейталипова, аудандық кітапхана директоры Ж.Омаровалар да өз ойларымен бөлісті.
Өз тілшіміз.