Келелі кездесулер өтті

Күніне қырық құбылған заманда қоғамның көшін түзу аранға бұрып, рухани һәм діни сауаттылықтарын арттыру мемлекеттік саясаттың да басты бағыттарының бірі болып отыр. Себебі, әлем халықтарының кейбіреуіне қарасаңыздар діни алауыздық пен конфессияаралық тартыс, сенім мен салт соғысы, жат ағымдар адасушылыұтары белең алып, ел ретінде құрып кету қаупі төніп тұр. Осы ретте, алдын ала қамданып, қатерлі жерде қаперсіз отырмау мақсатында бұқарамен, әсіресе жастар қауымымен жұмысты күшейткен абзал.

Бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер мен ауқымды жоспарлар да баршылық.

Шекара шебінде тұғырын тіктеген айдынды өңірімізде аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен 2021 жылғы әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында «Рухани керуен» жобасы қолға алынды. Өңір халқына Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындысының басым бағыттары мен мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды түсіндіру ниетінде қолға алынған шара ауданның 24 ауылдық округін түгелдей қамтып отыр.

Осы күнге дейін барлығы 13 кездесудің түңлігі түріліп, бас қосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбіді. Әсіресе, рухани байлық, діни тұрақтылық пен салт-дәстүр сабақтастығы жайлы мағлұматтар берілді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, модератор Б.Айтахметов өз сөзінде ауданның тыныс-тіршілігіне тоқталып, өңірдегі саяси-әлеуметтік, конфессияаралық және этностық достық, береке-бірлік пен діни бостандық және тұрақтылық жайлы айтып өтті.

«Жетісу жастары ұйымының Конгрессі» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Д.Ауданбаев қоғам арасындағы алауыздыққа жол бермей, рухани тұрғыдан жетілу, сол арқылы «Мәңгілік ел» болу мұратымызға қарай қадам басуымыздың артықшылықтарын тілге тиек етсе, дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы А.Асанов ел бүтіндігі мен діни сауаттылығын сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталды.

Облыстық жастар саясаты жанындағы кеңес мүшесі, «Рухани жаңғыру» тобының өкілі М.Рахимбаев Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласының басым бағыттарын сөз етіп, толықтай тарқатты.

Жиналғандар тарапынан да бірнеше сауалдар қойылып, көптің көмейінде жүрген сұрақтарға да тиісті жауаптар берілді.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: