Қазіргі таңда, қоғамдағы көкейтесті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық туралы күнде айтылып та, жазылып та жатқаны баршамызға мәлім. Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, қай жерде мол қаржы болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті індеттің бірі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықпен күрес қатаң қолға алынатындығы жайлы ашық айтып, оның жолдарын түсіндіріп берді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып, ел арасында түсіндіру жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет ұшырасып жатады. «Бермесең, алмайсың деген түсінік жастың да, кәрінің де санасын ұялап алған. Сондықтан, кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Аталған індетпен күрес жүргізу – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы, осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жоғары деңгейде әрі жауаптылықпен жүзеге асырылуы тиіс деп есептеймін. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегіндегі кадр, заңгерлік және өзге де қызметкерлерді тарта отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Жемқорлық- мемлекеттің жаһандық бәсекелестікте ауқымды қадамдар жасауға кедергі болып, елдің беделі мен қауіпсіздігіне көлеңке түсіретін құбылыс. Тағы айта кететіні, бұл індет билік пен бұқара арасына іріткі салып, заң мен елдегі әділеттілікке деген сенімін жоғалтары жасырын емес.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін жемқорлық көріністерімен күрес өзекті тақырыптардың көш басында тұрғаны сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар ел аумағында да жүйелі жүзеге асуда. Кейінгі жылдары жылдам дамып келе жатқан ауданымызда да көңіл қуантарлық істер атқарылуда.
«Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасын жүзеге асыру «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында 23 ауылдық округ кітапханаларында «Парасат жолы адалдық алаңы» бұрышы, 44 мектеп және Алакөл көпсалалы колледж ғимараттарында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ-ерікті колледж» клубтары саналы ұлт қалыптастыру жолында белсенді қызмет атқарып келеді. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыруға бағытталған «1424 call орталығы» қызметінің ақпараттық көрнекі құралдары қоғамдық орындарға орналастырылып, жиі насихатталуда.
Ұлттық санамызға, болмысымызға, дінімізге, ділімізге де жат дүниеге қарсы тұруды әр азамат өзінен бастағаны абзал. «Қоғам-өмірдің айнасы» демекші, түгел қоғам қарсы болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыратын болсақ, егеменді еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз.
Б.АЙТАХМЕТОВ,
аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы.