Алакөл аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер
Аяна Кабдрашева
Мен, Кабдрашева Аяна Кабдрашевна, 1988 жылы 13 маусым айында Алматы облысы, Алакөл ауданы,Үшарал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Куришбаев Кабдраш зейнеткер, анам Ниязова Айгул мектепте мұғалім қызметін атқарады. Ұлтым – қазақ.
Тұрмыстамын, жолдасым Талгатов Эльдар Талгатович 1989 жылы туған, мамандығы заңгер. Екі баламыз бар, Эльдарұлы Жангир және Эльдарұлы Жанади.
Балалық шақтан болашаққа қанат қақтырған, үлкен өмірге жолдама берген алтын ұям-мектебім – Үшарал қазақ гимназиясы. Тұла бойыма білімнің биігін сыйлай отырып, үлкен өмірдің қыр сырын үйреткен ұстаздарым, жүрегімнің түкпірінде қалатыны сөзсіз. Аудан көлеміндегі көптеген ғылыми жобаларға және олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Мектепте озат оқып, белсенді оқушылардың алды болып, үздік аттестатпен аяқтадым. Туған тілім – қазақ, сонымен қатар орыс және іскерлік ағылшын тілдерін жетік білемін. Осылайша, 2005 жылы Алакөл ауданы Үшарал қазақ гимназиясын тәмәмдап, Алматы қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетінің, менеджмент факультетінің туризм мамандығы бойынша грант бөліміне оқуға түстім. Студенттік кезең-өмірдің ең бір қызықты ұмытылмастай керемет шағы. Сол уақытта, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, көптеген жаңа өмірлік достармен табыстым.
Студенттер саясатын қолдау және оны іске асыру мақсатында өткізілетін түрлі мәдени, ғылыми-спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға белсене араласып, өз септігімді тигіздім. 2009 жылы аталған жоғары оқу орнын «Туризм бакалавры» академиялық дәрежесімен үздік дипломға ие болдым.
2009 жылы университетті аяқтаған соң, Алматы қаласында «Almaly travel» туристік компаниясына менеджер қызметіне орналастым. 2011 жылы Алакөл ауданы Білім беру мекемесіне келісім шарт негізінде жұмысқа қабылдандым. Осы жылдар аралығындағы жетістіктерім: «Дербес компьютерді пайдаланушы» 2005ж., ҚР ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасының шеңберінде компьютерлік сауаттылықты арттыру 2007 ж., «ҚР үдемелі индустриялық-иновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Алматы облысында туристік саланы дамыту» 2011 ж., Облыстық Ақпараттық технологиялар орталығы КММ ұйымдастыруымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша цифрлық сауаттылық 2018 ж., курстарын толықтай оқып, меңгердім.
2013 жылдан бастап Алакөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бас маманы міндетін атқарушы болып жұмысқа қабылдандым. Осы жылы тұрмысқа шығып, отбасылық жағдаймен бала күтіміне байланысты жұмыстан өз еркіммен босатылдым. 2014 жылдан бері өзіндік жұмыс атқардым, жеке кәсіпкер болып қызмет ете бастадым. Оның ішінде жасанды кірпік өсіру, косметикалық бояу заттарын сатылымға шығарумен айналыстым. 2019 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасын аяқтадым. 2020 жылы “Инструктор фитнеса на батутах” спорттық-оқуын бітіріп, фитнес бағытында жұмыс жүргізе бастадым. Фитнес тренері болғаныма өзімді мақтан тұтамын. Себебі, спорт – мықты денсаулық кепілі екендігіне сенемін және білемін.
2020 жылы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына түсіп, Құқықтану мамандығын бітірдім.
Өз білімімді көтеріп, білім нәрін үздіксіз алып, биік шыңдардан көріну әрбір қазақ азаматының санасында болу керек деп ойлаймын.
2019 жылдан бері JJpro спорт және даму орталығының жетекшісімін. Осы уақытқа дейін ауданымыздың 3 жастан бастап бүлдіршіндерінен зейнет жасына дейінгі әйел қауымына жұмыс атқарудамыз. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі байқауларға қатыстырып, Алакөл ауданымызды танымал етіп, үлкен жетістіктерге жетудеміз.
Сайлауалды бағдарлама
Елдің ертеңі үшін еңбек ету әр азамат үшін маңызды болып табылады. Себебі туып-өскен жердің тағдыры тұрғылықты халықтың бүгінімен тығыз байланысты.
Осы ретте Алакөл аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер ретінде қатысып, халықтың мүддесіне қарай қызмет етуді жөн санап отырмын.
Қалың бұқара қолдау көрсетіп жатса, алдағы уақытта төмендегідей сайлауалды бағдарламамды жүзеге асырмақпын:
-ең алдымен халықтың әлсіз топтарына мемлекет және жомарт жерлестерміздің тарапынан көрсетілер көмектің көлемін ұлғайту;
-ауылды жерлердің инфрақұрылымын дамытып, жаңа заманға сай түрлендіру;
-туризм саласын қарқынды дамып келе жатқан өңірімізді көгалдандыру, туристер көп шоғырланатын аймақтардың тазалығы мен экологиясын сақтау;
-өңірімізді жасыл желекті алқапқа айналдырып, әр аула мен ауыл, қала көшелеріне көшет отырғызу, абаттандыру жұмыстарының қарқынын арттыру;
-ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіп субектілерінің жұмысын жандандырып, оларға мемлекеттен көрсетілер көмектің көлемін еселеу;
-жастардың бастамашыл идеяларына демеушілік көрсетіп, олардың барлық саладағы жеңісті, жемісті істерін ынталандыру;
-аудандағы баспана құрылысы мен тұрғын үймен қамту мәселесіне жіті көңіл бөлу;
-бұқараның жемқорлыққа қарсу имминутетін қалыптастырып, бұл кеселдің жолын кесуге атсалысу;
-ең басты тіршілік көзі саналар ауыз судың әр үйге тартылып, шалғайдағы ауылдардағы осы мәселенің шешілуіне, «Ақбұлақ» бағдарламасының толықтай іске асып, әр аулаға су тартылуына, бау-бақшаларға арық суының жеткілікті болуына;
-болашақ иегелерін білім шыңына жетелейтін мектептердің күрделі жөндеуден өтіп, заман сұранысына қарай жабдықталуына, ұстаздар мәртебесін көтеріп, оларға деген қоғамның көзқарасын өзгертіп, құрметін ұлғайтуға;
-аудан орталығына халықтың қатынауын жеңілдету мақсатында ауылдарға апарар тас жолдардың, барлық елді мекендердегі көшелердің мерзімді жөндеуден өтуіне барымды саламын;
-медицина мен білім беру ісінің барлығына бірдей қолжетімді болуына ықпалдасу;
-әйелдер мен балалар құқын қорғау, оларға көрсетілер көмекті ұлғайту;
Алдағы уақытта осы жоспарларды халықпен бірге жүзеге асырып, баянды болашаққа елмен бірге қадам басуды мақсат етудемін.