Кемел келешектің кепілі

Елбасының мақаласында көтерілген рухани жаңғыру үшін ұлт ретінде өзіміздің бет-бейнемізді, әлем алдындағы өзімізге тән кескін-келбетімізді, болмысымызды сақтап, дүниеге келген әр баланы бесікке салғаннан бастап, бүкіл тәрбие мен білім беру жүйесі арқылы қазаққа тән білім мен қазаққа тән тәрбиені оның санасына мықтап сіңіруіміз керек. Сонда ғана біз ұлт болып рухани жаңғыра аламыз.

Өткенімізге көз жіберсек, бірнеше ғасырлық тарихы бар халықпыз. Өз әдебиетін жасаған, айтыс, күй өнері сияқты әлемде теңдесі жоқ төлтума өнері, ұлттық музыкасы, ою-өрнегі бар елміз. Ұлтқа тән, рухани-материалдық байлықтың барлығын тудырған халық екеніміз рас болатын болса, біз сол байлығымыздан нәр алып, өзегімізді сақтай отырып, ұлттымыздың өзіндік дара жолын сала отырып жаңғыруымыз керек.

Рухани жаңғыру белгілі бір межемен аяқталмай, үздіксіз жүзеге асып жатуы керек. Себебі қазіргі ғылым мен технология аса жылдам қарқынмен дамып бара жатқан заманда, бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, жасампаз ұлт ретінде үнемі түлеп, рухымызды көтеріп, жаңарып, өркендеп отырмасқа лажымыз жоқ. Бір сәт мүлгіп кетсек ғарыштың жылдамдығымен дамып жатқан әлемде, өркениет көші бізді күтіп тұрмай біраз жерге ұзап кетеді. Содан соң ол көшті қуып жетіп, оған ілесу қиындай түседі. Сондықтан рухани жаңғыру да ұлт ретінде жаңғырып, дамып отыруымызбен қатар жүруі керек. Бірақ, осы рухани жаңғыруды бесжылдықтармен, онжылдықтармен өлшеу қиындау болар деп ойлаймын. Себебі бұл рухани дүние.Ал рухани жаңғыруды адам, қоғам сезінуі тиіс. Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлеп, ғылымы өркендеп, мәдениеті мен дәстүрі үстем болып, отаншыл жандар қауымы қаумалаған қоғам құра алсақ, онда рухани жаңғырғанымызды еліміздің әр азаматы өзі-ақ жан-тәнімен сезінеді.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: