Тасты аспанға қанша лақтырсаң да қайтадан жерге түсетіні секілді туған жерден туған перзентін айыру мүмкін емес-ті. Оған өзге салада еңбек еткенімен өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптасырған жерлесіміз Б.Қатықбаевтың кіндік қаны тамған өңіріне келіп шығармашылық кешін ұйымдастыруы дәлел бола алады.
Шараның шымылдығы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен ашылды. Ел есіндегі тұлғаларға тағзым еткен Б.Қатықбаев майдандастарын сағына еске алып, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтынын тебірене жеткізді.
Тыңдарман ұйып тыңдаса, орындаушысы орайын келтіріп, өнер сарқытынан сусаған жұртқа үлестірері мол болмақ. Дәл бүгінгі кеш те соның бір мысалындай. Талантын тауыса алмас тау-тұлғалы азаматтың шығармашылық кешіне жиылғандар ыстық шапалақпен өнерпаз иелерін бір серпілтіп тастады.
Беташар тілекті жеткізген аудан әкімі Ә.Жақанбаев кеш иесіне деген лебізін білдіріп, иыңына ақ шапанын жапты. Әділдікті ту еткен заңгердің, сырғалы сұлу сөздің зергері, сазды әуеннің сазгерін қазақ елі қашан да қадір тұтатынын жеткізді.
Айта кетейік, Болатбек Әділханұлы Ауған соғысының ардагері, «Красная звезда», «За услуги перед отечеством» ордендерін, «За ратную доблесть», «За отвагу», «За боевые услуги» т.б. көптеген медальдарын кеудесіне таққан. Одан бөлек ҚР сот жүйесінің 2-ші және 1-ші дәрежелі үздігі төс белгісінің иегері, 2014 жылғы ҚР Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өткен әскери әндер радиофестивалінің лауреаты, «Үздік ақын», «Үздік композитор», «Үздік әскери ән» номинацияларының да иегері. Бүгінде Алматы қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарады.
Адуынды ақынның жыр кешінде Айдынды Алакөлдің 90-жылдығына арналған бірсыпыра өлеңдер оқылып, Жетісу Алатауының аспанында әуезді әндер шырқалды.
ҚР-ның Мемлекеттік Гимнінің ресми нұсқасының орындаушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера майталманы Талғат Күзембаев, ҚР-ның мәдениет қайраткері, әнші-композитор Естай Әлікеев т.б. сахна саңлақтары кештің сәнін келтіріп, талғампаз көрермендердің талғамынан шықты.
Халықтан үлкен кім бар дерсің… Көмейден жібектей сусып құйылған әсем әндері мен өлеңдей асыл құдіретті ар тұтқан абзал азаматқа шығармашылық табыс, талмас қанат, қажымас қайрат тілейміз. Бастысы осы кісідей елін сүйген ерлердің қатары көбейе берсін дегіміз келеді.
ТЕМІРЛАН АЙТБАЕВ.