Ауыз әдебиетінен көш тартып, ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының төл мәдениеті сан ғасырлық сынақтан мүжілмей өтіп, таза да кіршіксіз қалпымен бізге жетті.Сан ғасырлық тарихы бар ата-бабалардың киелі рухына тағзым ету, ұлттық салт-дәстүрімізді өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатындағы жұмыстың өнегелі әрі тәлімді, тәрбиелі жақтарына басты назар аудару қашанда көптік етпейді.Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлы мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелері бар. Әрбір өлкенің суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деп, туған жердің тарихын, тарихи тұлғаларын білу қажеттігін айтқан.
Рухани жаңғыру аясындағы жұмыстың бір бөлігі болып табылатын сакралды география«Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» деп аталатын 4 негізгі кіші бағдарламадан тұрады.Әрқайсысының қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда орны орасан зор. «Рухани қазына» кіші бағдарламасының ішінде 7 жоба бар. Олар: «Туған жер», «Өнегелік құндылықтар», «Туған өлке мәдениеті», «Жергілікті туризм»,«100 жаңа есім» арнайы жобалары, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»,«Киелі жерлер географиясы» арнайы жоспар. Жобалар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бойынша ауданда жұмыс тобы құрылды. Осыған байланысты өңіріміздің 20 киелі жерлері қамтылмақ. Олар:Асусай ерте ортағасырлық қалашығы – Көктұма ауылдық округі, Жайпақ ерте ортағасырлық қаласы – Жайпақ ауылдық округі, Лепсі ауылындағы көне қалаладың орны, Никольск шіркеуі, Лепсі педагогиалықучилищесінің және көне қалалардың орны– Лепсі ауылдық округі, Үйгентас жайлауы, Борша қырғыны болған жер –Қабанбай ауылдық округі, Майлышаттағы Аңырақай шайқасына қойылған белгі тас – Ақжар ауылдық округі, Жалаңашкөлдегі 1969 жылғы қақтығыс болған жер, Тоқта тауындағы белгі тас, Қарауыл төбе – Ырғайты ауылдық округінде, Сайқан тауындағы құлпытас пен табылған кітап, Шіре ана кесенесі – Еңбекші ауылдық округі, Ынталы, Ақши, Бескөл, Үшарал, Қарабұлақ петроглифы — Ынталы, Ақши, Бескөл, Үшарал, Қарабұлақ ауылдық округтері, Жоңғар Алатауы ұлттық паркі – Қабанбай ауылдық округі (Көкжар ауылы), «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы –Үшарал қалалық округі, «Алакөл Арасан» сауықтыру кешені (батпақ) — Ақтүбек ауылдық округі, Есім төре кесенесі – Жыланды ауылдық округі, Баянбай батыр бейіті — Ынталы ауылдық округі, Кейкі батыр бейіті – Қызылащы ауылдық округі, Тоқболат батыр ескерткіші – Екпінді ауылдық округтері тіркеліп отыр.
Шіре ана: Халық емшісі. Шіре ана (ХІХ ғ. орта шені, Алакөл өңірі) — халық емшісі.
Шіре бәйбіше ақылды, салауатты, елге сыйлы болған. Табиғат құбылыстарын, адамдардың басына түсетін қуаныш
пен ренішті алдын-ала, дәлме-дәл болжаған. Елді жұттан сақтандырып отырған. Екіқабат әйелдерді
жеңіл босандырып, баласы шетіней беретін, сырқат әйелдерді емдеген.Сайқан тауы бөктерінде тұрған Шіре бәйбіше кесенесі жергілікті тарихи ескерткіштер қатарына кіреді.
Есім төре:1852 жылы қазіргі Шоқты ауылында дүниеге келген. (1852-1916 жж.).
Лепсі өңірінде дәулетті болыс, қайырымды, жомарт азамат ретінде ел есінде қалған.
«Алаш орда» қозғалысын қаржылай қолдап, қиын-қыстау заманда мұқтаж
жандарға малын таратып, халықтың босып кетпеуіне үлес қосқан.
Есім төренің қиын заманда қазаққа істегені көп. Ашаршылық кезінде елді аман сақтап қалған деседі. 1914 жылыӘлихан Бөкейханның кітабының шығуына атсалысқан. Архивтен «Сұлтан Есім төре әйелдерімен» деген жазуы бар сурет табылған. Санкт-Петербургтегі түскен суреті. Ұрпақтарының айтуынша, суретке Романовтардың 250 жылдығына Санкт-Петербургке барғанда түскен. Жай адам емес екенін осыдан-ақ білуге болады. Есім төре кесенесі биылғы жылы маусым айында қайтадан жаңартылып жаңғыртылды. Жаңғырту жұмысын өзіміздің жерлесіміз «Жер-Су» корпорациясының президенті, меценат Бауыржан Кеңесбекұлы Оспановтың демеушілігімен жасалды.
Асусай ерте ортағасырлық қалашығы: Алакөлдің оңтүстігі мен Жоңғар Алатауының солтүстігінде,
бүгінгі Үшарал қаласының шығысында 65 шақырым жерде орналасқан.
Алакөл аймағында соңғы жылдары жүргізілген далалық барлау жұмыстары барысында,
бірнеше орта ғасырлық қонысжайлар табылып, соның біреуіне қазба жұмысы жүргізілген.Қазба барысында қалашықтың оңтүстік батысына қима салынды, сондай ақ, орталық бөлігінен қоныстың орны анықталып, зерттеуге түсті. Асусай қалашығы Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Асусай шатқалының маңында орналасқан. Төрт бұрышты қамалмен қоршалған қалашықтың бұрыштары дүниенің төрт нүктелерімен бағыттас орналасқан. Гографиялық координаттары С.45º53’061″; Ш. 81º27’181″ теңіз деңгейінен биіктігі 533 м. Қалашықтың өлшемі 75х75 м. Сыртқы дуалдың құландысының биіктігі 1,5-2 м шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған жалпақтығы 10 м. аумақты алып жатыр. Тағы айтатын нәрсе бұл қалашықтың ешқандай шекаралық бекетке немесе сауда керуенініне қатысы жоқ, қарапайым егіншілердің маусымдық (уақытша) мекені болғаны анық. Қалашықтың айналасында сақталған суғару жүйелері мен шағын егін алқаптары, қазбадан табылған тас дирмендердің түрлі көлемдегі бөліктері осындай болжам жасауға негіз береді.
Үйгентас жайлауы: Сонау ерте кезде Шыңғысхан сарбаздарының,
одан кейін жоңғар-қалмақ әскерлерінің аттарының тұяғы таптаған бұл өлкенің тарихы мол.
Үйгентас шайқасы өткен жер. 1755 жылы жаз айында қалмақ хонтайшысы Дауашының қолын
Қабанбай батыр ту сыртынан соғуды ойлайды. Ол үшін
Үйгентастан бері өтіп кеткен дұшпан қосындарын қоршап алып, жояды.Содан соң Үйгентастан әрі жүріп, Жылысай мұздағына киіз төсеп, қалмақ жеріне өтеді де 8 мың қолмен жауға тиеді. Осы кезде Қытайда Дауашыны шығыстан соққан еді. Сөйтіп, жоңғардың соңғы хонтайшысы құлайды. Үйгентас туралы бірнеше аңыздар бар. Бірі, ұзақ жылғы соғыста, қалай болғанда да қасиетті жерімізді жаудан аластап, тазартып, оларды ары Қытай асырып жібергені мәлім. Жаугершілік қанды қырғын кезінде ата — бабаларымыз Қытайға жақын тау үстіне, жайлау төсіне үйдей тастарды үйіп, қорғаныс жасаған көрінеді. Содан Үйгентас атанып кеткен деген сөз бар. Екіншісі, жоңғар — қалмақ әскерлерімен шайқасқа аттанып бара жатқан қазақ сарбаздарының қолдарына бір-бір тастан алып, үйіп кеткен. Яғни, соншама сарбаз мерт болған деген болжам бар. Үйгентас — тарихи аңыз. Жер атауына байланысты туған халық аңыздарында Қабанбай бастаған қолдың жоңғарларды қалай тұтқынға алғандығы жайлы әңгімеленеді. Қазақ батырлары кеңесіп, жоңғарларды қазақ жеріне қайта келместей етуді ұйғарады. Оларға үлкен бір шұңқырға өздері көтере алатын бір-бір тасты тастап, енді қайтып осы шекарадан өтпеуге ант берсін деп шешім жасайды. Жоңғарлардың көп болғандығы соншалық, үйілген тас тауға айналады. Содан бұл жер «Үйгентас» деп аталған. Аңызды Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының фольклорлық экспедициясы Тарбағатай өңірі қазақтарынан жазып алған. Ел арасында аңыздың бірнеше нұсқасы бар. Қолжазба нұсқасы аталған оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасының арнайы қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы. Лепсі (Лепсинск) ауылына жетпей көпірден солға қарай 34 км жерде. Қабанбай ауылынан Лепсі ауылына дейін 45 км. Сонда Үйгентас Лепсі ауылының шығыс жағында 34 км жерде орналасқан.
Ғасырға жуық уақыт өтсе де жазулары өшпей, жақсы сақталған.
Алакөл өңірінің Ынталы, Ақши, Бескөл, Үшарал, Қарабұлақ және Лепсі ауылдарындағы петриоллифтер туралы.
Ежелде ел арасында беделді болған адамдар қайтқанда олардың зиратына тасты қашап,
адам формасында белге дейін мүсіндеген. Тастың төменгі жағын нығыздап жерге көмген. Біздің
заманға ол балбал тастар деген атаумен жетті.Лепсинск ауылының маңайынан табылған балбалтастарда бейнеленген адам мүсінінде ол адамның аңшылықпен немесе белгілі бір кәсіппен айналысқаны қашалынып жасалған. Мұндай тастар Алакөл өңірінің Ынталы,Ақши, Бескөл,Үшарал,Қарабұлақ және Лепсі ауылдарының аумағында көп кездеседі.
Баянбай батыр. Баянбай батыр 1795 жылы туып, 1856 жылы дүниеден өткен.
Жандостың жетінші ұлы Көбейден Баянбай туған. Тоқпақтың бірінші билеушісі Баянбай Шойқожа қунақ,
Барақ Мұрынның аға сұлтаны Танағазының алдына барып,
қара нарға қалың кілем жауып сыйға тартқан. Аға сұлтан біз бір
болыс елге толдық. Бізді Тумадан бөлсеңіз деген тілегін алып барады. Танағазы әділ, көрген-айтқанын орындайтын парасатты адам болатын. Олай болса тоқпақтың санын мыңға толтыр да, біреуіңді болыс сайлап әкел дейді. Міне төртеуі ақылдаса келіп, Баянбайды болыстыққа лайықтап үй санын мыңға толтырып қайта барып, Танағазының мөрін басқан қағазымен Тумадан бөлініп өз алдына ел болады. Бұл 1851 жыл еді. Баянбай болыс болғаннан кейін ақ патшадан медаль алып, билікті толық қолына алады. Медальдың көшірмесі қызы Шынардың қолында болған. Батыр бес жыл ел билеп, елін Тоқта, Ақши, Сарыбөктер, Шүрек, Жолымбет, Арханкерген, Байтұмар, Бақай, Қарғаның қара күнгейі, Қарымбай жоны, Ақшаның күнгейіне елін ретімен орналастырып, ағайынның арасында жер дауын болдырмай, елдің алғысын алған. Өзі жау келетін босағаға Ақшаның күнгейіне ұзындығы 30-40 шақырымға созылған жерде қоныстанған. Сол ұлы күнгейде жалғыз ғана тұма «Батырдың тұмасы» деген қаратастан шығып жатқан тұма бар. Батыр осы жерді мекен еткен. 1856 жылы Лепсіден кезекті бір жиынға барып қайтып келе жатқанда, дұшпандары жасырын үзеңгісіне у жағып, үйіне жете алмай сүйегі Таңбалыдағы туысы Айдос Зұрманның үйінен шыққан. Ынталы ауылының жанында Баянбай батырдың сүйегі жатқан жерге ұрпақтары 1995 жылы ескерткішін жаңартып, туғанына 200 жыл толуына орай ас берген.
Тоқболат батыр. Орта жүздің Қоңырат руынан шыққан Тоқболат батыр XVІ ғасырда Сыр бойында өмір сүрген.
Атылған бір жебенің үстінен жарып түсетіндей екінші жебені тура атқандықтан Тоқмерген деген атқа ие болған.
Бойы 2,28 метрге жететін алып кісі болған. Атқа мінгенде аяғы жерге тиіп жүрген. Сол себептен әрдайым түйеге мінген. Мыңбасы болған Тоқболат батыр
жоңғар шапқыншылығы кезінде Үйгентас, Аңырақай шайқастарына Сыр бойынан Жалаңтөс Баһадүрмен бірігіп көмекке келген. Жауды жеңіп еліне қайтар жолда қайтыс болады. Содан жерленген жері шамамен Екпінді ауылының кіре беріс жерінде. 2014 жылы Қоңырат елінің азаматтары келіп, ас беріп, құлпытас орнатқан.
Майлышат ескерткіші. Еліміздің тарихында XV — XVII ғасырлардағы жоңғар шапқыншыларына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің бірі 1729 жылы болған Аңырақай шайқасы. Бұл еліміздің ерлік шежіресінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды. Аңырақай шайқасы — қазақ
қының тағдырын шешкен ұлы шайқас. Жоңғардың 40 мың қолына қазақтың 25 мың қолы қарсы тұрып, жоңғарлардың сағын сындырып, ойсырата жеңіске жеткен. Алакөл ауданындағы Майлышат жерінде 54 ту бие сойылып, үш жүздің батырлары мен әскерлері ұлан — асыр той жасаған. Сол Майлышат жеріне Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арнап, белгі тас орнатылған.
БОРША (Борша қырғыны болған тарихи орын). Борша қырғыны ел көктеуде отырған кезде болған екен. Он мыңдық қалмақ қолына Қаракерей Қақал әулие бастаған үш жүздей жігіт үш бойы төтеп береді. Екі күн жекпе-жекке шығысады. Үшінші күн қазақтарды садақпен атып қырған. Содан соң әр адамды төртке бөліп боршалаған. Қараңғы түскеннен кейін түнімен от жағады. Ондағы ойлары — пері болса, түнде ұшып кетуі керек. Үшінші күні Қақал әулие Ақбоздара атымен құтылып кетеді. Содан бері ел басына зауал төнерде Борша төбеден Ақбоздара кісінейді екен деген сенім қалған. Қазіргі Қабанбай ауылы 1909 жылға дейін Борша деп аталған. Қабанбай ауылыныа кіре берістегі Борша төбеде ешқандай белгітас жоқ. Дегенмен ел аузында «Борша төбе» деген атпен қалған.
Жоғарыда аталған киелі жерлер бойынша ақпарат әлі де толықтырылу үстінде және ауданның картасы жасалуда. Алдағы уақытта осы арқылы өскелең ұрпақ туған мекені туралы оңай жан-жақты мағлұмат алатын болады.
Г.Жексенбаева,
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы