Әкім есебі тыңдалды

Екі ауыл, екі түрлі жағдай

2018 жыл да мәресіне жетіп, жаңа жылға абыроймен аяқ бастық. Қайсы бірін айтамыз, қаңтар мен желтоқсанның аралығы аудан үшін толайым табысқа толы, жетістігі мен жемісін төгіп берген уақыт болды. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму ісі ілгерілеп, облыста төртінші орынға жайғасты.

Биылғы өңір басшысының есептіксапары Қарабұлақ ауылынан бастау алды. 2019 жылғы халық алдындағы есептің бір ерекшілігі округ орталықтары ғана емес, олардың құрамындағы өзге де елді мекендер араланбақ.

2019 жылғы халық алдындағы есептің бір ерекшілігі округ орталықтары ғана емес, олардың құрамындағы өзге де елді мекендер араланбақ.

Қарабұлақ орта мектебінде өткен жиынға ауыл тұрғындары көптеп келе алмады. Оған мұндай кездесудің бұнда алғашқы рет өткізілуі яки насихат жұмыстарының жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін деп топшыладық.

Алдымен Жанама ауылдық округінің әкімі Т.Байзақов 2018 жылы атқарылған істің қорытындысын пысықтап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өткен жылы аталмыш ауылда дәрігерлік пункт салынып, қолданысқа берілген. Бұл өз кезегінде ең басты байлық саналатын адам денсаулығын қадағалап, түрлі аурулардың алдын алу мен уақыты анықтап, емдеуге мол мүмкіндік сыйлап отыр. Ауылға ауыз су тартылғанымен тіркелген 199 аула толығымен қамтамасыз етілмеген. Ол олқылықтар тұрғындардың өз кінәларынан орын алып отыр. Себебі бұрындары қолмен қазылып орнатылған құдық суын пайдаланып, құбыр тартудан бас тартқандар баршылық. Сондай-ақ Қарабұлақта жол жөндеу ісі де алға жылжып, Абай көшесі жаңғыртылған болатын. Алайда өткен жыл кемшіліксіз де аяқталмады. Оған ауыл тұрғындарының кейбір жұмысқа деген наразылығы мен тілек-талаптары дәлел бола алады. Олардың қатарына арық суының жеткіліксіздігін, ашылмай жатқан мал ұрлығын, жайылымдық жерге байланысты сұрақтарды, табын мәселесін, тазалық ісін, асфальті жаңа төселген көшелердегі төрт түліктің қалдығын, дәрігерлердің жұмысын енгізуге болады.

Өңір басшысы округ әкіміне қатаң ескертпелер айтып, ағымдағы жылы барлық түйткілді мәселелерді жою міндеттеді. Халықпен ақылдаса келіп, ауыл тірлігін жандандыру ісін қолға алуды, береке-бірлікті, ырыс-ынтымақты сақтауды, елді мекен ішіндегі барлық кемшіліктерді тұрғындармен жұмыла реттеуді тапсырды.

Келесі кезекте аудан әкімі Ырғайты ауылдық округіне қарасты Ақши ауылына табан тіреді. Туризм саласын дамытуда өте жоғары потенциалға ие елді мекеннің тұрғындары есептік кездесуге көптеп жиналды.

Сөз алған округ әкімі Д.Мұқабаев 2018 жылы жеткен жетістіктер мен жемісті күндерді жіпке тізіп, доңыз жылы атқарылар жұмыстарын пысықтады.

Негізінен Ақши ауылында туризм саласының қайнаған қазаны барлық тұрғындарда ас та, ауқат та беріп отырғаны мәлім. Қол қусырып, нәпақасын көктен сұрап отырғандар жоқ. Барлығы да жанталаса еңбек етуде, отбасыларын асырауда. Өткен жылы рекордық көрсеткішке қол жеткізіп, 1 млн-нан астам мейман қабылдаған округтің басқаша адымдауы да мүмкін емес. Жылдан жылға жағалауда түрлі демалыс орындары бой көтеріп, ауылдың көркі де еселеніп келеді. Жұмыс орындары да жетерлік. 2018 жылы аталмыш елді мекеннің кіре беріс көшесіндегі үйлердің қоршаулары мемлекет тарапынан тұрғызылып, бірыңғай кейіпке ие болды, жол жөндеу ісі де назардан тыс қалмады. Ең бір айта кетерлігі көл бойында тәулігіне 450 адамды қабылдауға қауһарлы көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақүйі ашылып, үлкен резонанс тудырды. Меймандардың сапарын жеңілдету мақсатында жаңа теміржол бекеті де өз қызметін бастады. Көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым да өз жүйесін тапты. Бұдан бөлек тағы да бірнеше демалыс орны жұмысын бастады. Ауылдың алдағы жомпарлары да ауқымды. Атап өтсек «Феникс Компании» серіктестігі 2025 жылға дейін құны 10млрд. теңгені құрайтын үлкен жобаны жүзеге асырмақ, сондай-ақ аумағы 4 гектарды құрайтын саябақ қақпасын айқара ашпақ. «Helios» ЖШС-мен келліссөздер жүргізіліп, аталмыш елді мекенге кіреберіс бұрылысқа автокөлік жөндеу және жуу қызметтерін қоса атқаратын жанар-жағармай бекетін салу жоспарда тұр. Халық қауіпсіздігі алдыңғы қатарлы мәселе болғандықтан жағалауды бекіту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Кәріз жүйесін тарту, демалыс орындарын ауыз сумен қамтамасыз ету ісі де бсты міндеттердің қатарында. Ал 2018 жылдың басты жаңалығы Ақши ауылына Елбасы Н.Назарбаевтың табан тіреуі. Ұлт көшбасшысы өз сапарында ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, аталған елді мекендегі жұмыстың бағытын бағдарлап қайтқан болатын.

Қос кездесуде де аудан әкімі Ә.Жақанбаев өткен жылы тоқсан жылдығын дүрілдетіп өткерген айдынды Алакөлдің жылдық жұмысы хақында есеп беріп, әр салада атқарылған істер жайында мәлімет берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өңіріміздің алдағы уақытқа деген жоспарларын таныстырды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: