Табиғат байлығын төгіп беретін жомарт далалы Алакөл өңірі 2018 жылды толағай табыстар мен бастап, толайым жетістіктермен аяқтады. Оған аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың қорытынды есебінде куә болдық.
Айдынды өңірдің өткен жылғы жеңісті, жемісті сәттері баяндалып, алдағы жоспарлар легі таныстырылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ж.Тұяқов қатысты.
Алдымен Жеңіс Шылбынұлы ауданда өндірілетін өнімдер мен өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі көрсетілген көрмені тамашалады. Алакөлдің негізгі табыс көзі ауылшаруашылығы болғандықтан көрмеде ауданда өсірілетін алма, картоп, пияз, бидай және республиканы айтпағанда әлемнің бірнеше еліне экспортталатын балық пен бал өнімдері қойылды.
Бұдан кейін З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде есептік жиын басталып, аудан әкімі Ә.Әскербекұлы баяндама жасады.
Алакөлдіктер үшін 2018 жыл табысты басталып, әр саладағы жоспарлы міндеттер артығымен орындалған. Оған салық түсімінің 5 млрд. 771 млн. теңгені құрап, 103 пайызға жеткендігі, ауылшаруашылығында өндірілген өнім 35,6 млрд-ты еңсергені дәлел бола алады.
Өткен жылы 83,3 мың гектар жер игеріліп, 205 мың тоннадан астам астық жиналған. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып, асыл тұқымды төл басы артып келеді. Тыңғылықты еңбектің арқасында өткен жылы 663,5 млн. теңгенің субсидиясы алынған.
Құшағына шипалы көл мен тұмса табиғатты даланы сыйдырған өңірдің туризм саласындағы жетістігі орасан. Былтыр Алкөлге сапарлай келген меймандар саны 1 млн-нан асып жығылып, 5,9 млрд. теңгенің ақылы қызметі көрсетілген. Есептік жылда 32 демалыс орны қолданысқа берілсе, оның ішінде құны 2,3 млрд-ты құрайтын 450 орынды «Көктем Гранд» көпсалаы қонақ үйді ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, туризмнің қазаны қайнаған Ақши ауылындағы көше жарықтандыру мен жол жөндеу ісінде де ілгерілеу бар.
Өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салалары да тұрақты даму үстінде. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен ауданның түрлі кәсіпкерлікті дөңгелетіп алып кетуге қолайлығы себеп болып отыр.
Өңірдегі құрылыс жұмыстары да қарқынын арттырып келеді. Былтыр Үшарал қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй мен Астана демалыс саябағы, «Туған жер» бағдарламасы аясында «Тарлан» спорт кешені, Лепсі, Қарабұлақ ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Ынталы, Лепсі, Ақтүбек ауылдарында мешіттер, 6 елді мекенде тұрғын үйімен қатар полиция пунктері салынып, үш округте мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті.
Көптің көкейінде іркілген түйткілді мәселенің бірі – ауыз суы. Бұл ретте де ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып, өткен жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Көлбай, Үшбұлақ ауылдарында ауыз су жүйесі тартылған.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасы аясында 647,9 млн. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылған. Бұл даласы жомарт Алакөлдің азаматтарының атымтай екендігінің дәлелі.
Әкімнің баяндамасынан аңғарғанымыздай алдағы жоспарлар да ауқымды. 2019 жылғы ең резонансты жаңалық Талдықорған – Үшарал, Үшарал – Достық аралығындағы күре жолдың күрделі жөндеуден өтуі мен су каналдарының ретке келтірілуі болмақ. Сондай-ақ, туризм саласында да бірнеше айтулы жобаға қанат бітпек.
Тұрғындар тарапынан да бірнеше сұрақтар қойылды. Олардың қатарында егінге су жеткізу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жол жөндеу, жастарға қызмет көрсету, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері болды.
Артынша мінберге облыс әкімінің орынбасары Ж.Тұяқов көтеріліп, облыс аумағында атқарылған жұмыстар легімен таныстырды. Мұнымен қатар, ауданның 2018 жылғы жетістіктеріне оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осы беталыстан танбай, биік белестерден көріне беріңіздер деген ізгі ниетін жеткізді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.