
Жетісу облысында кәсіптік білім беру жүйесін өңір экономикасының қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру бағытында елеулі жұмыстар атқарылды. Бүгінде өңірдегі колледждер мамандарды бекітілген оқу бағдарламалары бойынша ғана емес, кәсіпорындардың сұранысы мен еңбек нарығындағы өзгерістерге де бағдарлана отырып дайындауда. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысының тең жартысынан астамы, яғни 51,7%-ы жұмысшы кадрлар даярлауға бағытталып отыр. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша түлектердің 62% жұмысқа орналастырылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2026 жылы облыс колледждеріне 5 325 адам қабылданса, соның 4 505-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуда. Аталған 4 505 орынның жартысынан астамы – 2 330 орын жұмысшы біліктіліктері бойынша кадрлар даярлауға бағытталған.

Сұранысқа ие мамандықтар арасында электргазбен дәнекерлеуші, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу, газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу, автомобильдерді жөндеу слесарлары, токарь, фрезерлеуші, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу шебері және басқа да мамандықтар бар.
Сонымен қатар электр техниктері, гидромелиорация техниктері, мехатроника техниктері, BIM-техниктер және басқа да орта буын мамандарын даярлауға 2 085 орын қарастырылған. Сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету және ақпараттық жүйелер саласында қолданбалы бакалаврларды даярлауға 90 орын бөлінді.
Бұл ретте «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы шеңберінде облыста экономиканың 5 басым саласы, яғни өңдеу өнеркәсібі, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп, туризм индустриясы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша жаңа кәсіптердің Өңірлік атласы әзірленген.
Оған қоса облыс әкімінің тапсырмасымен 2023-2025 жылдары колледждерде бейіндеу жүргізіліп, 15 колледжде заман ағымына қарай ескірген 45 мамандық жабылды. Бұл өз кезегінде колледждердің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бейімделуіне жағдай жасады.
Сондай-ақ өңір колледждерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Студенттерге жайлы жағдай жасау үшін биыл 12 колледжде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Оған қоса соңғы жылдары ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды: Үштөбе қаласындағы 30 орындық жатақханасы бар 100 орындық гуманитарлық колледж, Талдықорғандағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің 100 орындық жатақханасы салынды.
— Атқарылған жұмыстардың нәтижесі түлектерді жұмысқа орналастырудан айқын көрінеді. Мәселен, 2025 жылы колледждердің күндізгі бөлімін 4 960 түлек аяқтаса, соның 2 018-і немесе 40,6%-ы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алды. Күндізгі бөлімді аяқтаған түлектердің 62%-ы жұмысқа орналастырылды. Білімін жалғастырғандарды, Қарулы күштер қатарына шақырылғандарды және бала күтіміне байланысты еңбек демалысқа шыққандарды ескергенде, түлектердің жалпы жұмыспен қамтылуы 88,4%-ды құрады. Сонымен қатар өңірдегі 293 мекеме-кәсіпорындардың өтінімі негізінде 15 колледжде 28 мамандық бойынша 858 адам білім алып жатыр. Дуалды оқыту бойынша 16 мемлекеттік колледжде 32 мамандық бойынша 3 344 студент білім алуда, 155 кәсіпорынмен 285 келісімшарт жасалды, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Атап өтсек, Жетісу облысында 27 колледж жұмыс істейді, олардың 21-і мемлекеттік, 6-уы жекеменшік. Оларда 13 973 студент білім алса, соның 10 467-сі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев,
Сол сияқты фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.
