Жуырда Қабанай ауылдық округінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Киелі жерге тағзым – ұлт құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ауыз әдебиетінен көш тартып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының төл мәдениеті сан ғасырлық сынақтан мүжілмей өтіп, таза да кіршіксіз қалпымен бізге жетті. Бай тарихы бар ата-бабалардың киелі рухына тағзым ету, ұлттық салт-дәстүрімізді өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатындағы жұмыстың өнегелі әрі тәлімді, тәрбиелі жақтарына басты назар аудару қашанда көптік етпейді.
Осы орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», деп туған жердің тарихын, тарихи тұлғаларын білу қажеттігі жайлы бас айтылған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудан көлемінде бірқатар шаралар атқарылуда. Атап айтсақ туған жердің тарихын білу, сакральды орындарын насихаттау, оларды көпшілікке кеңінен танымал ету, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизм мен отаншылдық рухты сіңіру мақсатында «Киелі жерге тағзым — ұрпаққа ұлағат»атты сакральды мекендерге жүргізген танымдық экспедицияның жұмыстарын облыстық «Рухани жаңғыру» орталығынан оң бағаланып, аудан тәжірибесі облысқа насихатталатын болды. Аталған экспедицияның қорытындысы бойынша арнайы фотоальбом жинақталды.
Ал бұл конференция сол игілікті істердің жалғасы десек те болады. Аталған шарағапрофессор Ә.Төлеубаев, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілдері қатысты.
Жоғарыда аталған киелі орындардың кейбір археологиялық ескерткіштерінің жете зерттелуіне атсалысып, кейінгі ұрпаққа құнды еңбектер дайындап жүрген әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің профессоры Ә.Төлеубаев басқарған экспедициясы бұл аймақта 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.
Конференция барысында келген қонақтарға
аудандық қолөнер шеберлері әзірлеген көрме назарға ұсынылды.
Аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов Елбасның
аталған мақаласы аясында аудан көлемінде атқарылған бірқатар шаралармен
таныстырып өтті.
Келесі болып сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетінің оқытушысы Р.Жұматаев «Жоңғар қақпасындағы орта ғасырлық
қала мәдениеті» тақырыбында баяндама оқыса, облыстық тарихи мәдени мұраны
қорғау орталығының қызметкері С.Мүлкібаев «Жетісу-киелі мекен» атты ой-толғауын
талқыға салды. Сонымен бірге «Қабанбай ауылының және Лепсі уезінің тарихы»
туралы да баяндамалар оқылып, мәліметтер берілді.
Тұңғыш Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тағылымды туындысында рухани түйсігіміз бен жаңа дүниені білуге, үйренуге деген құмарлығымызды заманға сай жаңғыртып, құбылта түссек алпауыт отыз мемлекеттің көшіне ілесуге мүмкіндік туатынын баса айтқан болатын. Сондай-ақ бағдарламалық мақаланың әр бағыты, әсіресе адами капитал, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, латын қарпіне көшу сынды бөлімдерінде мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарымызда алдымен Рухани қазынамыздың дамыту арқылы алға басатынымызды ескертті. Осы орайда аудан көлемінде жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Болашақта атқаратын игілікті істеріміз — халқымыздың болашағын берік ететініне сенімдіміз.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.