Алакөлдіктердің көптен күткен қуаныштары да орындалды. Үшарал қаласының шығыс беткейінен орын тепкен шағын ауданның көрікті ғимараттарының бірі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған «Тарлан» әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының негізінде жерлесіміз С.Мыңбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған нысанның ашылуына облыс әкімі А.Баталов пен бокстан Олимпиада чемпионы Б.Артаев арнай келді.
Жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс басшысы А.Баталов: «Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына орай барша аудан тұрғындарын құттықтаймын. «Туған жер» бағдарламасын бағдар еткен жерлестеріңіз С.Мыңбаевтың өз қаражатына дәл осындай зәулім кешен тұрғызып берді. Бұл игі іс аудан тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы кешенен айдынды Алакөлді одан қала берді күллі Қазақстанды әлемге танытатын жаңа чемпиондар жаттығып шығарына сенемін»,- дей келе, жиналған қауымды құттықтап кетті.
Келесі болып ізгі ниеттің тізгінін ұстаған «Astana Arlans» бокс клубының бас менеджері, Афина қаласында өткен олимпиада ойындарының жеңімпазы Б.Артаев жалпы спорт ұғымына тоқталып, аталмыш кешеннің осы ауданның осы саладағы жетістіктерін еселей түсетінін жеткізді.
Алматы облысының құрметті азаматы М.Жолжанов нақты соңғы жылдардағы ауданның даму прогресі хақында тұщымды ойын ортаға салып, алдағы уақытта да өңіріміз осы беталысынан айнымаса әлі талай биік мінберлерден көрінетімізді тілге тиек етті.
Артынша ғираттың лентасы қиылып облыс әкімі бастаған алқалы топ нысанның ішкі құрылымымен танысты.
Жаңа спорт кешенінде бокс, күрес, дзюдо, таэквандо, ауыр атлетико және футбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы кешен құрылысына 500 млн. теңге жұмсалып, «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тапсырысы негізінде «ВВ Company» ЖШС салып берді. Ғимараттың ауданы 1100 шаршы метрді құраса, жалпы кешен 6000 шаршы метр жерді алып жатыр. Түрлі спорт түрлеріне арналған залдардан бөлек, жаттықтырушылар мен дәрігерлер, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері қарастырылған. Футбол және «Street workout» алаңы ғимаратқа жапсарлас орналасқан.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.