Конституция – тәуелсіздіктің тірегі, тұрақтылықтың кепілі

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын, қоғамның даму бағытын белгілейтін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болатын басты құжат. Ол елдің саяси жүйесін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуын, қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаттарын белгілейді. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – мемлекетті құрметтеу, ал оның талаптарын сақтау – әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.
Қазақстан үшін Конституцияның маңызы ерекше. Өйткені ол тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен, ұлттық мемлекеттіліктің нығаюымен және құқықтық қоғам құру жолындағы тарихи қадамдармен тығыз байланысты.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы қабылданды. Бұл күн еліміздің конституциялық даму тарихындағы маңызды белеске айналды. Конституция мемлекеттің негізгі құндылықтарын айқындап, елдің қоғамдық-саяси және құқықтық дамуына бағыт берді.
Ата Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген. Сонымен қатар адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде белгіленген.
Бұл қағидаттар мемлекеттің басты мақсаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамда әділеттілік пен теңдік ұстанымдарын орнықтыру екенін білдіреді. Заң үстемдігі салтанат құрған қоғамда әр азаматтың құқығы қорғалып, мемлекеттік органдардың қызметі заң талаптарына сай жүзеге асырылуы тиіс.
Конституцияның құндылығы оның баптарымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы маңызы күнделікті өмірде, азаматтардың құқықтарының қорғалуынан, мемлекеттік институттардың жауапкершілігінен және қоғамдағы заңға деген құрметтен көрінеді.
Конституция әрбір азаматқа белгілі бір құқықтар мен бостандықтарға кепілдік береді. Олардың қатарында өмір сүру, жеке бас бостандығы, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау, білім алу, еңбек ету және заң алдында тең болу құқықтары бар. Бұл құқықтар адамның қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, оның еркін дамуына мүмкіндік береді.
Алайда құқықтық мемлекетте азаматтардың құқықтарымен қатар міндеттері де болады. Конституция мен заңдарды сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, табиғатты қорғау және заңда белгіленген өзге де міндеттерді орындау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Құқық пен міндеттің өзара байланысы қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өз құқығын білетін, заң талаптарын түсінетін және өзгенің мүддесіне құрметпен қарайтын азамат құқықтық мәдениетті қоғамның қалыптасуына үлес қосады.

Мәліметпен бөлісу: