Коронавирус Тексеріс жүргізілді

Қазіргі таңда әлем халқын алаңдатып отырған мәселенің ең өзектісі – Қытайда таралып жатқан 2019-nCov ауруы. Осы ретте шекара шебінде орналасқан Алакөл ауданында бақылау және тексеріс жұмыстары күшейтілуде.

Алты мыңға жуық тұрғыны бар Достық ауылдық округі дәл шекара түбінде қазығын қаққаны мәлім. Бұл жерде темір жол арқылы жолаушылар және жүк пойыздары жүріп, ары-бері қос мемлекет азаматтары қатынауда.

Осыған орай Алакөл ауданында коронавирустың алдын алу және шекарадағы бақылауды күшейту мақсатында Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Алакөл ауданына ат басын тіреп, шекаралы аудандағы жағдайды бағамдады. Сонымен қатар жұмыс тобының құрамында ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасарыБауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ ККБТУ комитетінің Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депортаментінің басшысы Ермек Тоқбергенов те болды.

Жұмыс тобы алдымен шекара өткеліндегі хал-жағдайды бағамдады. Байқағанымыздай темір жол қызметінің өкілдері арнайы тепловизерлермен жабдықталған. Әр адам жіті тексерістен өтіп, жеке мәлімметтері толық тіркелуде. Бір айта кетерлігі, бұндай құралдардың тағы да бірнешеуіне тапсырыс беріліп, жуық арада жетізіледі деп отыр. Бұл жерде оқшаулау бөлмесі де қарастырылған.

Артынша аталған елді мекендегі бөлім, мекеме басшылары, дәрігерлер мен тиісті орган өкілдерімен отырыс өтті.

Сөз алған Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин «Тәж вирусының» алдын алу және тіркелген жағдайдағы іс-әрекеттер алгоритімімен таныстырды.

Сырқат адам анықталған жағдайда алдымен темір жол қызметкерлері мен осындағы дәрігерлер оларды оқшаулау бөлмесіне жатқызып, жедел-жәрдем көлігін шақыртады. Арнайы киімдермен жабдықталған медицина қызметкерлері сырқатты аурухананың артқы есігінен кіргізіп, бұндағы өзге науқастармен мүлдем байланыс болмауын жіті қадағалайды. Ауруханада керек болған жағдайға деп 45 орын дайын тұр. Олардың барлығында да жеке дәретханасы, жуыну орны бар. Бұл ең алдымен сырқаттың сыртқа шықпай, аурудың таралуының алдын алуы үшін қарастырылған. Бір айта кетерлігі, Достық қонақ үйі де оқыс оқиға бола қалған жағдайға деп әзірленді. Яғни, шекарадан өткен сырқат адамдар анықталса, онымен қарым-қатынаста болған яки бір пойызда келген азаматтарды оқшаулап, арнайы тексерістен өткізіледі.

Ауруханадағы бөлмелер де үш топқа бөлінген. Яғни, ауру тіркелгендер оқшау, күдік туғызғандарға жеке және сырқаттармен байланыста болғандарға да арнайы бөлмелер қарастырылған.

Шекарадан ары асып, вахталық жұмыста жүрген жерлестеріміз де баршылық. Бұрындары Қытай жеріне өткенде жұмысшылар өзімен дәрі-дәрмек алып кіруге рұқсат жоқ болатын. Бірақ та коронавирустың өршуіне байланысты оларға қажетті дүниелерін шекарадан өткізуге келісім беріліп отыр.

Мәліметпен бөлісу: