Әлеуметтік сала талқыға түсті

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, әлеуметтік сала талқыға түсті.

Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов, аудандық мекеме-бөлім басшылары, жергілікті округ әкімдері, жасатр және спорт нұсқаушылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Күн тәртібінде:

  1. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның орындалуы;
  2. Қазақстан Республикасы дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының іске асырылуы;
  3. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңның орындалуы;
  4. Өңіріміздегі діни ахуал мен діни сауаттылық деңгейі туралы мәселелер қаралды.

Сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Қсталасова күн тәртібінде белгіленген тақырыптар төңірегінде баяндама оқыды. Аталған мәселелер бойынша аудандық қоғамдық кеңес мүшелері 1 ай шамасында өңірімізде суалнама жүргізіп, 24 ауылдық округті толықтай аралап шыққан болатын. Сол зерделеу жұмыстары негізінде анықталған кемшіліктер мен артықшылықтар жайында жиын барысында айтылды.

Күн тәртібіндегі сұрақтар төңірегінде мәдениет саласы бойынша З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры О.Смағұлов, жастар мәселесі бойынша «Алакөл жастары» мекемесінің жетекшісі Г.Базылханова, спорт саласы бойынша аудандық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Е.Нөсерханов, дін саласы бойынша аудан теологы С.Танысбаев пен имам Ә.Омарханұлы ал жалпы әлеуметтік ахуал бойынша аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б.Айтахметов баяндама оқыды.

Алакөл ауданының әлеуметтік ахуалы жалпылай алғанда көңілге қонымды. Халықтың берік ынтымағының арқасында достық пен бірліктің биік тұғыры көтеріліп отыр. Атқарылған жұмыстар мен жүзеге асып жатқан жобалар жергілікті тұрғындарға өз тиімділігін көрсетуде. Алайда, «әттеген-ай» дейтін де жақтары баршылық.

Алакөл аудандық қоғамдық кеңесі халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті органдарға уәжін жеткізетін ұйым ретінде өңірімізде дін, спорт, жастар саясаты және мәдениет саласына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, халықтың тілегімен, ой-пікірімен санаса келе және жиналыста айтылған ескертпелерді ескере отырып, бірнеше ұсыныс енгізді.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов барлық мәселелр бойынша қорытынды сөз сөйлеп, тиісті жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: