Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек


Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда еліміз соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан көптеген жетістіктерге жетті. Денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде медициналық-демографиялық бағытта да оң өзгерістер жүзеге асып жатыр.
Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық саласына айрықша көңіл бөлді. «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген тақырыппен арнайы бөлім арнады. Онда білікті медицина мамандарының тапшылығы, міндетті медициналық сақтандырудың пайдасы, сол арқылы мемлекет кепіл берген қызметтер туралы айрықша атап өткен болатын. Бүгінде, бұл мәселелер біртіндеп шешімін тауып, ауылдық жерлердегі медициналық көмек көрсету орындары да артып келеді. Ондағы құрал-жабдықтардың сапасы, ғимараттардың салынуы, мамандардың келуі мен шалғайдағы жұрттың дер кезінде көмек алуына үлкен сеп болары анық.
Алакөл өңірінде медицина саласын дамыту мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 9 денсаулық сақтау нысанының құрылыс жұмыстары басталды. Оның ішінде, Бескөл, Екпінді, Жайпақ ауылдарында 3 дәрігерлік амбулатория, Қайнар, Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Ақжар ауылдарында 6 фельдшерлік-акушерлік пункт салу көзделген. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, Көлбай, Жыланды ауылдарының халқы үшін дәрігерлік амбулатория салынуда.
Биылғы жылы медицина нысандары жаңа заманауи құрал-жабдықтармен толығып, жергілікті бюджет есебінен Достық, Ақтүбек, Қабанбай ауылдық округтеріне арнайы санитарлық автокөліктер сатып алынды.
Аталған шаралардың барлығы халықтың денсаулығын нығайту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Осының арқасында тұрғындардың өмір сапасы мен ұзақтығы да еселене берері сөзсіз.

Алакөл аудандық орталық ауруханасы

Мәліметпен бөлісу: