Ұлттық құндылығымыз ұлықталды

Ел бағына бола туған Елбасы Н.Назарбаев соңғы екі жылдың басты резонансына айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы тағылымды туындыларында тарихы тереңнен өрбіген төл мәдениетімізді сақтау, сол арқылы өзімізге ғана тән ділімізді дәріптеп, болмыс-бітіміміздің биігін насихаттау басты міндеттердің санатында екендігін жеткізген болатын. Осы орайда ықылым заманнан бері қазақ халқының қайғысы мен қуанышын, зары мен запыранан қоңыр үнінің құдыретімен әуелеткен қасиетті домбыраның қадір-қасиетін арттыру көзделген болатын. Сөйтіп Елбасының Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» ретінде бекітіліп, төл аспабымызға деген көзқарас өзгерді.

Осымен екінші жыл аталып жатқан жаңа мерекенің құрметіне орай «Astana» саябағында «Домбыра – асыл мұра» атты шара ұйымдастырылып, оған жүректерінде ұлттық аспабымызға деген құрметтері бар тұрғындар көптеп жиналды.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов көмейінен күмбірлі күй төгелген төл аспабымыз біздің қазақтығымыздың бейнесі, жеке-дара ұлт екендігіміздің айғағы екендігіне тоқталып, сыңғырлаған домбыраның сазды үні әр алаш баласының құлақ құрышын қандырып, жүрек қылын шертетінін баса айтты. Сонымен қатар екінші рет аталып отырған мерекемен өнер сүйер қауымды құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.

Артынша ауданымыздың бетке ұстар домбырашылары мен балалар шығармашылығы орталығынының тәрбиеленушілері «Тепеңкөк», «Келіншек», «Ыңғай төк», «Адай» сынды халық күйлерін орындап, қоңыр үнді сағынған тұрғындарды бір серпілтіп тастады.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: